Қазақстан халқы Ассамблеясы

15 Қазан, 2023

200

«ЕЛ БІРЛІГІ» ДЕБАТТЫҚ ТУРНИРІ: ҚХА КӨПЭТНОСТЫ КОМАНДАЛАРЫ СЕНАТТА БАС ҚОСТЫ

2023 жылғы 13-14 қазанда Республика күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясының кубогы үшін «Ел бірлігі» екі күндік республикалық пікірсайыс турнирі өтті.

Пікірсайыс турнирі жастардың зияткерлік даму алаңын құру және оларды Мемлекет Басшысының Жолдауын жүзеге асыруға және насихаттауға белсенді қатысуға тарту, сондай-ақ қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Пікірсайыс турнирінің ашылуы 13 қазанда Астана қаласының Достық үйінде өтті. Турнир ұйымдастырушылары – Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі және «Ұлттық пікірсайыс федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы мұндай пікірсайыс турнирін алғаш рет өткізді. Бұл іс-шара толықтай қазақ тілінде өтуімен қатар, әр команданың көпэтносты болуымен ерекшеленеді.

Турнир аясында пікірсайысшылар Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен және Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілхановпен кездесті.


Пікірсайысқа Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарының командалары қатысты. Қазақстанның заманауи бәсекеге қабілетті интеллектуалды дамыған жастары кейпіндегі қатысушылар еліміздің түрлі өңірін таныстырды.

Іс-шараның екінші күні, 14 қазанда қорытындылау және Кубок жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті.

Пікірсайыс нәтижесі бойынша:

І орын иегерлері – Дәулет Нүркен мен Элина Амурлаева;

ІІ орын иегерлері – Жақсылық Бекхан мен Турсунходжаев Бохромжан;

ІІІ орын иегерлері – Сламбек Елемес пен Диана Хабибулина;

«Үздік медиа» номинациясы бойынша Асет Ахмедов;

«Үздік спикер» номинациясы бойынша Исахан Нурбахыт марапатталды.




Кейін қарай