Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Қараша, 2023

926

«Ел бірлігі» ордені

Қазақстан Республикасының Президенті - Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында «Ұлт бірлігін нығайту жолындағы жемісті еңбегі үшін» мемлекеттік награда – Қазақстан халқы Ассамблеясының орденін белгілеу жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жұмыс тобы құрылып, оның құрамына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Президент Әкімшілігі мен Президент істері басқармасының өкілдері, ҚР Ұлттық Банкінің «Қазақстан теңге сарайы», қоғам қайраткерлері, оның ішінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Ж.Мәлібеков кірді.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңының 16-1 бабына сәйкес «Ел бірлігі» (халық бірлігі) орденімен ұлт бірлігін нығайту және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолындағы жемісті еңбегі үшін азаматтар марапатталады.

Наградалар иерархиясында бұл мемлекеттік награда «Достық» және «Құрмет» ордендерінің арасында белгіленген.

Сипаттама Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 12 тамыздағы № 51 өкімімен бекітілген.

«Ел бірлігі» ордені диаметрі 50 мм қос қабатты сегіз бұрышты жұлдыз пішінінде жасалған. Орденнің беткі жағының ортасында көгілдір түсті эмальдан құйылған шаңырақтың (киіз үйдің жоғарғы күмбезді бөлігі) бейнесі орналасқан. Шаңырақты айнала күн сәулесі түрінде уықтар тараған. Оның айналасында көгілдір түстің аясында «қошқар мүйіз» оюы орналасқан. Шаңырақтың астында көк түсті зергерлік эмальдан құйылған лентада шеңбер бойымен «ЕЛ БІРЛІГІ» деген жазу жазылған. Аверстің аясы жылтыр, бедері шығыңқы жылтыр. Орден ақ түсті металдан (алтын жалатылған күміс қорытпасынан) жасалған.

Орденнің сыртқы жағында күңгірт және жарты шеңбер бойымен «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» деген жазу бар. Орденнің сыртқы жағының төменгі бөлігінде жылтыр, шығыңқы алаңша бар, оған реттік нөмір жазылған. Қондырма: ақ түсті металл (алтын жалатылған 999 сынамалы күміс қорытпасы). Ендірме: диаметрі 2,5 мм фианит – 8 дана.

Орденнің бір көк жолағы және екі қызғылт сары жолағы бар, ені 34 мм көгілдір түсті жібек лентамен қапталған алтыбұрышты сары түсті металл (жез) тағанға құлақша мен шығыршық арқылы бекітілген. Орден киімге визорлы бекіткіші бар түйреуішпен бекітіледі.

2023 жылғы 24 қазанда Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қ.К.Тоқаев «Ақорда» резиденциясында «Ел бірлігі» ордендерін табыс етті.

Кейін қарай