Қазақстан халқы Ассамблеясы

03 Ақпан, 2020

2450

Елордалық Достық үйінде татар жастары ұлттық мерекеде бас қосты

Елордалық Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен «ТАҢ» татар-башқұрт этномәдени орталығы дәстүрлі «Аулак өй» қысқы кездесуін өткізді.


Мерекелік бағдарламаны «ТАҢ» татар-башқұрт этномәдени орталығының төрағасы Сергей Садыков құттықтау сөзбен ашып, аталмыш мерекенің маңыздылығына тоқталып өтті.

«Аулак өй» – татар халық ойындарын дәріптеу, ұлттық фольклорды сақтау және байырғы халық дәстүрлерін қайта жаңғырту мақсатында өткізілетін мереке. Қазақ тіліне аударғанда, «Отырыс өткізілетін үй» деген мағынаны білдіреді.


Үй үлкендері қонаққа кеткен кезде, жастар өзара жиналады: қыздар қолөнер жұмыстарымен айналысса, жігіттер «лапти» тоқып, ағаштан түрлі заттарды кесетін болған. Содан кейін ойындар, әзілдер, әндер мен билер басталатын, - деді С.Садыков.


Іс-шара көңілді концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрермендер дәстүрлі татар әндері мен билерін тамашалады. Ұлттық ойындар ойнатылып, жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан сыйлықтар тарту етілді.


Сонымен қатар, концерт залының бір бұрышында татар халқының ұлттық бас киімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Мереке соңында барлық тілек білдірушілер мерекелік тәттілер қойылған дастарханға шақырылды.


Кейін қарай