Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Мамыр, 2024

123

Этносаралық тұтастықты сақтау – зор маңызға ие

Талас ауданында Жамбыл облысы ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының «Өңіріміздегі этностардың біртұтастығын сақтау және нығайту» тақырыбындағы кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыстың мақсаты – ғылыми-сараптамалық топ мүшелерінің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатқа сәйкес өңір тұрғындары арасында бірлік пен бірегейлікті насихаттау, жас ұрпақты тәрбиелеудегі озық тәжірибелерді тарату.

Әуелі жиында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерілген басты мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, жиынға қатысушылар әр түрлі салалар бойынша ой-пікірлерімен бөлісті.

Сондай-ақ, жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы өткен болатын. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «басты міндетіміз – қоғамда бір-бірімізге деген өзара құрмет пен сенімді нығайтып, діни, аймақтық немесе әлеуметтік-экономикалық алшақтықты болдырмау үшін баршаға ортақ жаңа қағидаттар мен ұстанымдар ойластыру қажет» – деген еді.

​Басқосуда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Философия және саясаттану» кафедрасының аға оқытушысы, облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Режеп Баярисов «Этностар бірлігін сақтауда қазақ халқының топтастырушылық әлеуетінің маңызы» тақырыбы төңірегінде баяндама жасады: – Қазақ елінің тағдыры тауқыметке толы болғанмен, ешқашан өзгені өзегінен теппеген. Елімізде этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық, келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау ісіне жіті көңіл бөлінуде. Қазақ халқы қай заманда да елдікке, соның ішінде ел берекесінің тұрақты болуына үлкен назар аударған. Сондықтан да болар, ел аузында: «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» деген нақыл сөздер қалды. Бұл –бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның басты қағидасына айналды және тәуелсіздіктің негізі, – деді Режеп Оразбайұлы өз баяндамасында.

​Бұдан кейін сөз алған Тараз қалалық Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, топ мүшесі Абдырахман Зайнутдинов аймақтағы этносаралық саяси ахуал туралы келелі ойларын ортаға салды. Қатысушылар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз сөздерінде қозғаған маңызды бағыттар бойынша ой-пікірлерімен бөлісті.

Кейін қарай