Қазақстан халқы Ассамблеясы

16 Ақпан, 2021

2741

«Қиналғанға қол үшын созу – азаматтық парызым»

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп бекіткені белгілі. Осыған орай, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-сі Жетісай аудандық филиалының басшысы Азамат Мұсырманқұлов өткен жылы атқарылған қайырымдылық шараларына есеп беріп, жасалған жұмыстар жөнінде баяндайды.

- Пандемияның салдарынан барлық жоспарларымызды жүзеге асыруға мүмкіндік болмады. Десе де, біршама шаруалар атқарылды. Өздеріңізге мәлім, өткен жылы Мақтаарал ауданының 4-5 елді мекенін су басып, халықты әбігерге салған еді. Соған орай, аудан әкімдігінен дер кезінде нұсқаулықтар алып, «ұрыста тұрыс жоқ» деп бірден іске кірісіп, блокбекетте қалған тұрғындарға ыстық тамақ жеткіздік.

2020 жылдың 1 мамырында Өзбекстандағы «Сардоба» суқоймасының дамбасы жарылып, Мақтааралға қарасты бес ауылды су шайып кетті.

- Жайсыз хабарды түнгі сағат 4-тер шамасында естіп, Жаңажол ауылдық округіне қарасты Фирдоуси ауылына жетіп, эвакуация жұмысына кірісіп кеттік. Өз басым жеке көлігіммен аудан орталығы Мырзакентке талай адамды жеткізіп салғаныма, қиын кезде халыққа жәрдем бере алғаныма қуаныштымын. Қауіп осы аудандағы 11 елді мекенге де төніп тұрған еді. Оның ішінде халық көп орналасқан аудан орталығы Мырзакент те бар-тын. Аудан басшылары жағдайды әбден сүзгіден өткізіп, әрбір мекеме басшысын Атакентке тұрғындарды көшіру үшін бір-бір көшеге бекітті.

Азамат Мұсырманқұлов өзіне берілген көше тұрғындарын аман-есен көшуін қадағалап, қолынан келген көмегін аямаған.

- Шынын айту керек, барлық малынан, тіпті асып-сасып жүріп, күллі құжаттарынан айырылғандар да болды. Өзіме тапсырылған көше тұрғындарын басқа ауылға жайғастырған соң, Жеңіс, Фирдоуси, Достық ауылдарында болып, су ортасында қалған төрт түліктерді алып шықтық. Мұнан бөлек Жетісай ауданына қарасты Қоғалы ауылына да су басу қаупі төніп тұрған соң, күн-түн демей Түркістан облысының тілектес жұртшылығымен бірлесе отырып, дамба көтердік. Нәтижесінде қатер қаупі сейілді.

Осындай қиын-қыстау шақта басқа өңір тұрғындары қол қусырып қарап отырмай, қайырымдылық акцияларын бастап кетті. Атакент кентінің жанынан гуманитарлық көмектерді сақтайтын арнайы қойма ашылған. Алдымен Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен аудандардан 140 тоннадан астам зат келіп түскен.

- Қауіптің беті сейілген соң, техногендік апат салдарынан бүлінген үйлерді қалпына келтіру жұмысын жолға қою үшін арнайы штаб құрылып, оған Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғани Құрмашұлы басшылық жасады. Жаңажол, Фирдоуси, Өргебас ауылдарына құрылыс жұмысын жүргізу кезінде мамандар тапшылығының алдын алу мақсатында жұмыстар атқарылды. Мемлекет тарапынан тұрғын үйлерді қалпына келтіруге бөлінген 18 миллион теңгені игеру бойынша «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндірме жұмысын жүргізді.

Көп өтпей Жаңажол ауылдық округінің тұрғындары баспаналы болған. Мұнан бөлек Мырзакент маңынан жаңа шағын аудан бой көтеріп, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылының үйсіз-күйсіз қалған тұрғындары жаңа баспананың кілтін алып, қуанышқа бөленген.

- Қиналғанға қол ұшын созу азаматтық парызымыз деп білемін, - дейді Азамат Мұсырманқұлов. Ол жыл сайын Түркістан облысы Сайрам ауданында орналасқан балалар үйіндегі 10 баланы киім-кешекпен қамтамасыз етіп отыратынын айтады. «Жағдайы келіп тұрса әрбір азамат осындай қайырымдылық жасайды деп ойлаймын» - дейді жанашыр жан.

Азамат 2020 жылдың соңында Мақтаарал ауданының әкімі Ж.Қ.Бейсенбаевтың қолынан «Халық жанашыры» марапатын алды.


Кейін қарай