Қазақстан халқы Ассамблеясы

27 Қараша, 2018

1487

Көкшетауда еврей мәдени орталығы ұйымдастырған I театр фестивалі үлкен табыспен өтті

Ақмола облысының «Хатиква» еврей мәдени орталығы Көкшетау қаласында алғаш рет Яков Куклинскийді еске алу құрметіне арналған театр фестивалін ұйымдастырды.

Көкшетау қаласы Достық үйінің сахнасында алғаш рет өткен Яков Куклинскийді еске алу құрметіне арналған театр фестивалі драматургия, поэзия және вокал жанрлары бойынша өнерпаздардың басын біріктірді.

Құрамына Ақмола облысы орыс драма театрының актерлері, Яков Куклинскийдің шәкірттері кірген қазылар алқасының алдында Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің студенттері Владислава Швачкина, Светлана Рязанова және Карина Крикулова «Айтылған сөз өнері» поэтикалық жанрындағы Корней Чуковскийдің «Таракан» және «Мойдодыр» қойылымдарын орындады.

Көкшетау қаласы гуманитарлық-техникалық мектеп-лицейінің оқушылары сомдаған «Он екі ай» туындысының драматургиялық қойылымы да көрермен көңілінен шықты.

Еврей халқының дәстүрлі әуендері мен әндері шырқалған «Жан әуені» вокалды жанрындағы нөмірлер де жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Бұл жанрда сахна төрінде Достық үйі вокалды студиясының орындаушылары өнерлерін ортаға салды. Ал Оксана Самойленко орындаған «Это наш родной еврей» және «Мөлдір» халықтық би ұжымының сүймелдеуімен Олеся Цыганова шырқаған «Хава Нагила» әніне Достық үйіне жиналған көрермендер үлкен қошемет білдірді.

«Ақмола облысының «Хатиква» еврей мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Владлен Погребицкий фестивальдің қатысушыларын грамоталар мен бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Яков Куклинский Қазақстан театр өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан, Ақмола облысы орыс драма театрының негізін қолауға атсалысқан белгілі қоюшы-режиссер. Оның басшылығымен театр республикада үздік театрлар қатарына еніп, көптеген қойылымдар халықаралық фестивальдерде жүлделерге ие болды. Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Яков Аронович ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Президиумы Қаулысымен «ҚазССР еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын иеленді. Ол Жоғарғы Кеңес және ҚазССР Мәдениет министрлігінің, Көкшетау облысы әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталған.

Кейін қарай