Келіндер сынға түсті

Ақтаудағы өзге ұлт өкілдерінің келіндері «Асыл келіндер» байқауында сынға түсті. Байқау Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің  25 жылдығына арнайы ұйымдастырылған.

«Асыл келіндер» сайысы бес номинация бойынша өтті. Қатысушылар  алдымен екі тілде өзін таныстырып, содан соң, өздерінің ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін көрсетті. Үшінші номинацияда, келіндер қойылған сұрақтарға жауап беріп, төртінші номинацияда келіндер өз өнерлерін ортаға салды. Ал, бесінші номинацияда сәнді киім үлгісін көрсетті.

Сайысқа «Русское землячество» этномәдени бірлестігінен Ирина Шимченко,  республикалық «Қазақстан кәрістері» ассоциациясының Ақтау қалалық филиалының өкілі Юлия Ким, «Пахтакор» өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі  Елена Мисриева,  «Алан» осетин этномәдени бірлестігінің өкілі Залина Икаева, «Ала-Тоо» қырғыз этномәдени бірлестігінің өкілі Ардақ Газибекова қатысты.

аБіз бұл жарыста салт-дәстүрімізді барша маңғыстаулықтарға көрсетіп, сый-құрметке бөленіп жатырмыза,- дейді республикалық «Қазақстан кәрістері» ассоциациясының Ақтау қалалық филиалының өкілі Юлия Ким.

-Кез-келген ұлттың әлімсақтан бері келе жатқан ата дәстүрі бар. Біз бүгін солардың барлығын ортаға салып, біразымен таныс болдық. Мен кәрістердің кішкене баланың бір жасқа толған күнінде жасайтын «Асянди» салтын көрсеттім. Осы сайыс арқылы мен өзге ұлттардың салт-дәстүрімен таныстым. Өскелең ұрпаққа жақсы тәлім-тәрбие берер мұндай шаралар көбейе берсін, - деді ол.

Сұрақ-жауап номинациясында келіндер барлық сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, Қазақ елінің тарихын жақсы меңгергендерін көрсетті.

Сайыс барысында асыл келіндер өз шеберліктерімен тәнті етіп, көпшілік қошаметіне ие болды.

Байқауда төрелік еткен қазылар алқасының шешімі бойынша: 3-орынға «Русское землячество» этномәдени бірлестігінің өкілі Ирина Шимченко мен «Алан» осетин этномәдени бірлестігінің өкілі Залина Икаева ие болса, 2-орынды «Ала-Тоо» қырғыз этномәдени бірлестігінің өкілі Ардақ Газибекова иеленді,  1-орынға «Пахтакор» өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі  Елена Мисриева жайғасып, бас жүлдені - республикалық «Қазақстан кәрістері» ассоциациясының Ақтау қалалық филиалының өкілі Юлия Ким жеңіп алды.

Сайыс қорытындысы бойынша барлық келіндерге бағалы сыйлықтар мен алғыс хат табысталды.

      

   

 

МО ӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Back to the list