Қазақстан халқы Ассамблеясы

19 Тамыз, 2021

1086

«Мемлекеттік тіл – бірлік пен татулықтың кепілі»

«Қайда жүрсен де, ана тіліңмен бірге өскен ортаңның тілін құрметте»
Осындай сөздерді әкем кішкентай кезімнен айтып келеді. Менің екі «ана тілім» бар деп есептеймін. Қайда жүрсем де тіл бойынша ешқандай қиындық көрмедім. Кез келген жағдайда тілдерді білу мен сөз байлығына ие болу өте маңызды екеніне көзім жеткен.

Жас кезімде түсінбей жүргеніммен, уақыт өте келе мағынасын толығымен ұқтым. Біріншіден, жастық шағым Тәуелсіздік жылдарында өтті, ол кезде қазақ тілі мәселесіне жаңадан ғана назар аударылып, даму шағы басталған кезі еді. Арамыздағы жастар, достар болып тек қана орыс тілінде сөйлеп, мемлекеттік тілге аса назар аудармадық. Бүгін қарап отырсам, түрлі этнос өкілдерінен құралған достарым мен таныстарым арасында қазақ тілін жақсы түсінетіндері едәуір артқан. Жоқ дегенде бірқатар сөзді білетіндері, кейбіреуі тіпті еркін сөйлейтіні қуантады.

Биыл тәуелсіздікке 30 жыл. Қарап отырсаң, осы жылдар ішінде мемлекеттік тіл төңірегінде бірнеше даулар болды. Бұндай жағдай халық арасында түсінбеушілікке, төзімсіздікке алып келуде. Мен үшін бұл өте қауіпті жағдай. Бұған әр азамат жауапты болу керек.

Жыл сайын мемлекеттік тілді қолдану ауқымы кеңейіп келе жатқаны анық. Себебі оның дамуы қашанда уақыт пен төзімділікті қажет етеді. Ешқашан ешқандай маңызды мәселе бір күнде шешіле салмайды. Жан-жақты қаралатын стратегиялық жолдары керек, немесе тиімді нәтижеге жету үшін азаматтардың ойын жүйелі түрде өзгерту керек. Менің ойымша, мемлекетімізің тіл саясаты дұрыс жолмен келе жатыр.

Айтарым – өсіп-өнген жеріңнің, нан-тұз бөлісіп отырған орныңның шаңырағын сыйлау қажет. Орыс тілінде сөйлейтін этностар өкілдері тілдің орны бөлек екенін ұғынғаны жөн. Соңдықтан, өзімізді өзіміз тәрбиелеуміз керек. Біздің міндетіміз – мемлекетімізді жан-жақты көркейтіп, игі істер жасап, тату-тәтті өмір сүру. Бүгінгі таңда Димаш Құдайберген, Геннадий Головкин, Иманбек секілді бауырларымыз мемлекетімізді әлемге танымал етуде, міне солармен бірге біз де үлесімізді қоса берейік.


Луиза Узарова


Кейін қарай