Қазақстан халқы Ассамблеясы

09 Қыркүйек, 2021

562

Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік тірегі

Күні кеше Мемлекет басшысы ел Парламентінің бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жариялады.


Бұл жолы 30 жылдық Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген басты табысымыз – ел бірлігі екені тағы бір нақтыланды. Сан алуан ұлттың ортақ Отаны болған берекелі елімізде әр адамның ұлтына, тіліне, нәсіліне қарап кемсітуге жол берілмейтіні тағы да ескертілді. Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы негізін салған ырысты ынтымақ жолының дұрыс екендігін Қасым-Жомарт Кемелұлы тағы бір атап өтті.

30 жыл бойы жинақтаған мол тәжірибеміздің арқасында біздің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатымыз әлемдік қауымдастық тарапынан оң бағаланып келеді. Кешегі жиында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді», деді.

Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауды, этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажеттілігіне тоқталды.

Бүгінде еліміздің үшінші мегаполисі саналатын Шымкент қаласы тұрғындарының 30 пайыздан астамын этнос өкілдері құрайды. Қаламызда этностардың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін ұстануға, дәріптеуге, сақтауға лайықты жағдай жасалған. Бұл тұрғыда еліміз өркениетті елдерден озық тұратын парасатты саясат ұстанып отыр. Өз кезегінде барша этностар ассамблеяның берекелі шаңырағының астына жиылып, ел бірлігіне бағытталған ауқымды жоба-жоспарларды ұтымды іске асыруға және ең бастысы – мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтасып отыр.

Жолдауда Мемлекет басшысы «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала беретінін» қадап айтты. Болашағын Қазақстанмен байланыстыратын кез-келген азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру керектігін тағы бір ескертті. Конституция бойынша елімізде бір ғана мемлекеттік тіл бар екеніне тоқталды.

Орыс тілінің қолданылуына шектеу болмайтынын атап өтті.

Этносарарлық келісім мен сындарлы тіл саясатын жүргізуде Ассамблея рөлінің маңыздылығын меңзеді.

Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беруді жүктеді.

Жолдау қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратын ассамблея игілігіне беріледі деген жақсы жаңалықты естіп, төбеміз көкке жетіп отыр.

Бұл Сіздің бізге көрсетіп отырған үлкен қолдауыңыз деп білеміз.

Сонымен қатар, бүкіл қаладағы 17 этномәдени бірлестіктер мен оның жанындағы қоғамдық негіздегі ұйымдардың басын топтастыратын алтын шаңырақ, көпұлтты мегаполис халқының бірлігі мен татулығын, тұрақтылығын одан әрі нығайтуға қызмет ететініне сенім білдіреміз.

Түптеп келгенде – Мемлекет басшысы қоғамдағы ең маңызды жайттарды қоғам болып, бірлесе шешуге атсалысуға шақырды.

Пандемиядан кейін тұралап қалған экономиканы сауықтырудың жоспарын айқындады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, экономиканы көтеру, білім беру, денсаулық сақтау, өңірлік саясатты жетілдіру, еңбек нарығын реттеу, адам құқығын қорғау, ұлтты ұйыстыру сынды сындарлы мәселелер мен оларды шешу жолдары тиянақты түсіндірді.

Алда атқарылар ауқымды істер нақтыланды. Үкімет пен жергілікті билік іске асыратын тірліктер талданды. Қазақстан ұстанған ырысты ынтамақ жолының дұрыс екені тағы да айтылып, берекелі бірлік жолы жалғасатыны хабарланды.

Жолдаудың түйіні – халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған байсалды бес бастамасымен қорытындыланды. Әсіресе, төменгі жалақы деңгейін көтеру, бюджеттен қаржыландыратын мекеме қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын арттыру және бірыңғай тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу сынды Президенттік бастамалар баршамыздың көңілімізден шыққанының куәсі болып отырмыз.

Сөз соңында айтарым, биылғы Жолдауда айтылған тапсырмаларды жүйелі жүзеге асыру арқылы біз – қалың әлеуметтің әлеуетін жақсартамыз, деген ойдамын.

Жолдауға қолдау көрсету және оны нақты әрі сапалы орындау баршамызға ортақ міндет! Сондықтан Тәуелсіздік тойы қарсаңындағы Мемлекет басшысы айтқан барлық тапсырмаларды әр сала мамандары сапалы әрі нәтижелі орындағанда ғана біз ел жағдайының іс жүзінде жақсарғанының куәсі боламыз.

Лайым, ел жолында ұйысу – кемел келешеккке ұмтылу мақсатындағы барлық бастамаларымыз баянды болғай!

Икрамжан Хашимжанов,

Қазақстан Республикасы «Дустлик»

өзбек этномәдени бірлестіктері

қауымдастығының төрағасы

Кейін қарай