Қазақстан халқы Ассамблеясы

04 Қаңтар, 2024

151

ПРЕЗИДЕНТ КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ КӨТЕРДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың алғашқы жұмыс күнінде «Егемен Қазақстан» газетінің бірінші нөміріне еліміздің өткен жылдағы жетістіктері мен алдағы жоспары туралы маңызды мақала жариялады. Сөз басында Президент Қазақстан үшін маңызды оқиғаларға толы болған 2023 жылы негізгі саяси реформаларды аяқтап қалғанымызды атап айтты.

Өткен жылы Президенттің тапсырмасымен әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Әлеуметтік мәселелер, атап айтқанда, білім саласында «жайлы мектептер» бой көтере бастаса, ауылдарда денсаулық сақтау нысандары көбейді. Осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданып, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Табиғатты қорғау бағытындағы мекемелер қызметкерлеріне де еңбегіне қосымша үстемақы төленеді. Дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы көбейтіліп, Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді.

Осы жұмыстың бәрі биыл да жалғасатынын жеткізген Мемлекет басшысы алдағы уақытта да тиянақты және жоспарлы әрекет ете отырып, мақсатқа жету жолында үздіксіз алға ұмтылатынымызды айтты.

«Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады. Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді», - деді Мемлекет басшысы өз мақаласында.

Қойылған сұраққа орай Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылғы қаңтар оқиғасының мән-маңызы мен себеп-салдарына да тоқтала келе, елімізде бейбіт шеруге тыйым салынбайтынын, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылатынын жеткізді. Себебі елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс.

«Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруы тиіс. Еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз», - деп түйіндеді ойын Президент.

Болашақ жастарға сенім арта отырып, ол жастардың атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын кешенді шаралар қабылданатынын атап айтты. Келіп жеткен Жаңа жылға қатысты ойын білдірген Қ. Тоқаев бұл мейрамды тек күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже ретінде санайтынын білдірді. Осы ретте ол өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармау керектігіне назар аудартты. Жалпы мақалада оның айтқан ойлары мен көтерген идеялары қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтай түсті.

Акбаржон Яхияхожаевич Исмаилов,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары

Кейін қарай