Қазақстан халқы Ассамблеясы

17 Ақпан, 2022

2174

Шымкент қаласының ҚХА активі жаңа ауқымды реформаларды талқылады

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов Шымкент қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың жетекшілері және этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті


Жиынды ашқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құру жөніндегі реформасы қоғам тұтастығы мен халық бірлігін нығайтудағы бірде-бір маңызды құрал екендігін атап өтті.

«Алдымызда жаңа Қазақстан құру жөніндегі мәртебелі міндеттер тұр. Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл кезең саяси және қоғамдық формацияның жаңаруымен жүзеге аспақ. Әр салада түбегейлі өзгерістер жүреді, жаңа көзқарас қалыптасып, жаңа тәсілдер қолданылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы да жұмыс мазмұнын жаңартып, қоғамды топтастырудың тиімді жолдарын ұсынып, іске асыратынына сенімдімін», - деді Шыңғыс Мұқан.


Кездесуде қатысушылар еркін форматта этносаралық қатынастар саласын дамытудың алдағы перспективалары туралы пікір алмасты. Сондай-ақ жастардың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға жәрдемдесудің өзекті мәселелері, оның ішінде «Жастар Ассамблеясы» қоғамдық бірлестігінің алдағы жұмыс жоспарлары талқыланды.

Өз кезегінде Марат Әзілханов тұрақтылығымызды сақтауда, ынтымағымызды ыдыратып алмауда өңірлік ассамблея мүшелерінің айрықша рөлін атап өтіп, Ассамблея қызметін трансформациялауда Қазақстанның барлық этностарын белсенді атсалысуға шақырды.

Кейін қарай