Қазақстан халқы Ассамблеясы

14 Қазан, 2023

291

Түркістанда Қазақстан халқы ассамблеясының медиация институтын дамыту бойынша семинар-тренинг өтті

Бүгін Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация институтын дамыту бойынша семинар-тренинг өтті.

Аталған семинар-тренингті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ бас сарапшысы Талшын Италиева, кәсіби медиатор, «Парасат» медиация және құқық орталығы ЖМ тренері Мұхтар Адаев, психолог-шиленістанушы Резеда Баймухаметова, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева және этномәдени бірлестіктердің, ҚХА қоғамдық құрылымдарының мүшелері қатысты.

Келелі жиында этносаралық медиацияны жүргізу ерекшеліктері, медиациядағы зерттеу кезеңі, тұлға психодиагностикасы, этносаралық қатынастардағы қақтығыстарды реттеу әдістері мен тәсілдері, этносаралық қақтығыстарды талдау тақырыптары қаралды.


Семинар-тренингте сөз алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ бас сарапшысы Талшын Италиева медиация дауды шешудің заманауи тәсілі ретінде оң нәтижесін көрсетіп келе жатқанын атап өтті.

– Ел Президенті этномедиация үшін кәсіби келіссөз жүргізушілердің форматы неғұрлым тиімді екенін және Ассамблея осы бағыттағы негізгі орган болуы тиіс екенін атап өтті. ҚХА қызметінің негізінде жатқан қоғамдық келісімді қамтамасыз етудің басты міндеті медиация міндеттерімен тікелей байланысты. Медиация соттардың жұмысын жеңілдетумен қоса, арыз беруші мен жауапкерлердің уақытын үнемдеуге өз септігін тигізеді. Ең бастысы медиация саласындағы мамандар мүмкіндігіне қарай кез келген дау-дамайды сотқа жеткізбеуді мақсат етеді. Дауды шешу мәдениеті ғасырлар бойы қоғамда көпті көрген, тәжірибелі, құрметті адамға жүгіну арқылы дамып келді. Мұның дәлелі медиация институтын құрудың тарихи алғышарты ретінде бірнеше ғасыр бойы қалыптасқан билер институтын айта аламыз. Бүгінгі таңда азаматтық, отбасылық мәселелер сондай-ақ түрлі қылмыстық істер медиаторлардың қатысуымен қаралады. Сонымен қатар, білім жүйесінде, медицинада және армия құрылымдарында дамып келеді. Медиация институты білім беру жүйесіне енгізіліп жатқаны қуантады. Мектептерде медиация кабинеттері құрылып, медиаторлар сол жерлерде туындаған дау-дамайларды шешіп отыр, - деді Талшын Мұратқызы.

Осы орайда, семинарда өз ойын ортаға салған Түркістан облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Шарипа Пірімбетова Түркістан өңіріндегі білім беру мекемелерінде пилоттық жоба негізінде арнайы медиация кабинеттері құрылғанын жеткізді. Ол мектептерде жұмыс істейтін педагогтардың арасынан кәсіби тренерлер яғни медиаторлар дайындалған. Сондай-ақ оларға бірқатар медиация мәселелеріне қатысты тұрақты түрде кеңестер беріліп тұрады.

Семинарда атап өтілгендей, әлемдік статистика бойынша даулардың 40 пайызға жуығы медиация рәсімінен өткізіледі. Ал олардың шамамен 85 пайызы оң нәтижелермен аяқталған.


Кәсіби медиатор, «Парасат» медиация және құқық орталығы ЖМ тренері Мұхтар Адаев медиация институтын дамыту қоғамның жетілуінің, азаматтық сана-сезім деңгейінің, жауапкершіліктің, яғни, құқықтық мемлекеттің сәтті дамуының бір көрінісі екенін айтты. Оның пікірінше, қазіргі таңда медиацияның бағыттары өте көп. Бұл орайда, солардың бірін таңдап, медиация курстарын толығымен өтіп, сонымен бірге медиаторлардың қасында тәжірибе жинақтау өте маңызды.

Семинар барысында тыңдаушылар пікірталастарға белсенді қатысты. Сондай-ақ, пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті, этносаралық қатынастардағы медиацияның нормативтік-құқықтық базасымен, мәдениетаралық дамудың негізгі қағидаттары мен перспективаларымен танысты.

Семинар-тренинг соңында кофе-брейк ұйымдастырылып, қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.


Кейін қарай