Қазақстан халқы Ассамблеясы

13 Желтоқсан, 2021

253

Түркістанда Мәжіліс депутаттары этномәдени бірлестіктер өкілдермен кездесті

Түркістан қаласына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мейрамбек Төлепберген және Фахриддин Қаратаев іссапармен келді. Сапар аясында депутаттар облыстық этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті.

Келелі жиында ел бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді насихаттау бағытындағы нәтижелі жұмыстар, алдағы мақсат-міндеттер талқыға салынды.


Басқосуға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшылығы, облыстық этномәдени бірлестіктер жетекшілері, облыстық ҚХА жанындағы құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ Түркістан қаласындағы мектеп және орта арнаулы оқу орындарының директорлары мен орынбасарлары, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқытушылары қатысты. Жиынды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев ашып, жүргізіп отырды.

Кездесу барысында сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М. Төлепберген жиынға қатысушыларды келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, азат елдің егемендік жылдары жарқын жетістіктерді бағындырғанын, барлық игілік пен жетістік бірлік, этносаралық татулық ұғымдарымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

– Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі. Елбасымыз таяуда жариялаған «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында да ендігі басты міндетіміздің бірі - тәуелсіздікті нығайту болуы тиіс екендігін алға тартты. Мағжан ақын айтқандай, ер түріктің бесігіне баланған Түркістан шаһары бүгінде облыс орталығына айналып, дамудың даңғыл жолына түсті. Көне шаһар түркі әлемінің рухани астанасы атанып, әсем қалаға айналуда. Бұл ретте, жаңарған Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына Ассамблея мүшелері де зор үлес қосып келеді. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс, сауда саласында жемісті еңбек етіп жүргендер жетерлік. Халық даналығында «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деген терең мағыналы сөз бар. Бәріміз бір атаның баласындай, бір өзеннің сағасында бірлесе еңбек етсек, тату тұрсақ, алынбайтын асу болмайды, – деді халық қалаулысы.

Сондай-ақ жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ф. Қаратаев Ассамблеяның қоғамдағы рөліне, оның мән-маңыздылығына тоқталды.

– Бәріміздің мақсатымыз – ортақ, міндетіміз – бір. Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Бұл құрылым – еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі саналады. Бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден аса этнос өкілдері береке-бірлікте өмір сүруде. Өңірде қазақ тілінің елді біріктіруші ретіндегі рөлі де артуда, бұл Тәуелсіздігіміздің тұғырын мығымдай түсері сөзсіз. Күні кеше Сайрам ауданында болып, бірнеше кездесулер өткіздік. Тұрғындардың пікірін тыңдадық. Халықтың елге, Отанға деген сүйіспеншілігін көрдік. Алдағы уақытта да жер-жерде, көршілес ауылдарда достық пен татулықты дәріптейтін іс-шараларды жандандырып, жиі өткізуіміз қажет. Бұл – ел болып ұйысуымызға, мемлекеттілігіміздің мерейін асқақтатуға үлкен септігін тигізері анық, – деп сөзін түйді депутат.


Сонымен қатар, кездесуде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқытушысы, PhD доктор Қ.Қалдыбай, Кентау қалалық мәслихатының депутаты, Кентау қалалық Аналар кеңесінің мүшесі, С.Қожанов атындағы №9 мектеп директоры Ұ.Мұсаханова, Түркістан облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің мүшесі Ф.Файзиддинов сөз сөйлеп, ел бірлігін нығайтуға қатысты пікірлерін білдірді. Жиынға қатысушылар сұрақ-жауап түрінде ой бөлісіп, пікір алмасты. Кездесу барысында жыл бойы белсенді қызмет атқарған, өңірдегі бірлік пен татулықтың нығаюына айрықша үлес қосқан бірқатар азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы орынбасары М. Әзілхановтың Алғыс хатымен марапатталды. Жиынды қорытындылаған басқарма басшысы А.Өсербаев халықтың бірлігін нығайтуда және қоғамдық келісімді сақтауда жүйелі жұмыстар жалғасатындығын атап өтті.

Сонымен қатар депутаттар Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Қазақсан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кзедесті. Кездесуді Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев жүргізіп отырды. Жиынға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының бас маманы Т.Оралбеков, облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі З.Чалданов, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Э.Жанғазиева, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы А.Батырбекова, ішкі саясат бөлімінің мамандары, этномәдени бірлестіктер мен зиялы қауым өкілдері, жастар, мұғалімдер қатысты.


Сауран аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Қ.Рысбеков сөз алып, аудандағы этносаралық қатынастар саласындағы жұмыстар жолға қойылғанын, аудан әкімдігімен және басқа мекемелермен бірлесе жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Кездесу барысында сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген мен Фахриддин Қаратаев жиналған қауымды жаңа Сауран ауданының құрылуымен құттықтап, халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы жүргізіліп жатқан шаралар туралы жан-жақты түсіндірді.

Онымен қоса, депутаттар Сайрам ауданына да барды. Жиында Тәуелсіздіктің 30 жылындағы басты жетістіктері айтылды. Сондай-ақ өңірдегі этносаралық қатынастарды тиімді қамтамасыз ету мәселесі, білім беру ұйымдарында оқитын жастардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жайы да талқыланды. Басқосуға Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, сондай-ақ этномәдени бірлестіктер өкілдері, аудандағы мектеп және орта арнаулы оқу орындарының директорлары мен орынбасарлары, мұғалімдер, ата-аналар қатысты. Жиын барысында сөз алған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Фахриддин Қаратаев жиналған қауымды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен құттықтады. Халық қалаулысы өз сөзінде тәуелсіздікті тұғырлы ету жайын тілге тиек ете келе, қоғамдық келісімді сақтауда көршілес ауылдар арасында татулық пен достықты дәріптеуге негізделген рухани және мәдени-спорттық көпшілік іс-шараларды жандандыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, депутат мектеп ұстаздарына да жоғары жауапкершілік жүктелетінін, яғни оқушылар арасындағы тәртіпсіздіктің алдын алу, оны болдырмау жайына назар аударды.

Кейін қарай