Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Қыркүйек, 2022

340

Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығы балаларға арналған қайырымдылық акциясын өткізді

Жабыққанды жарылқап, зарыққанды жұбату – қашаннан ата салтымыз.

Осылайша баба дәстүрімен «кең болсаң кем болмайсың» деген тұмса тәмсілді тұмар қып таққан Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығы 2022 жылдың 22-25 қыркүйек аралығында қайырымдылық акциясын өткізді.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында өткен иігілікті шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов қатысты.

Өзгенің иығына жапқан шапан, оның денесінен гөрі өзіңнің жан-дүниеңді көбірек жылытады ғой. Қайырлы қасиеттердің қайнарынан қанып ішкенін орталық іспен көрсетті. Аз қамтылған отбасынан шыққан 60 мектеп оқушысына киім-кешек, оқу құралдары салынған сөмкені Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов табыстады.


Ерекше айта кетерлігі оқушының тең жартысы қазақ, қалғаны тәжік ұлты. Сондай-ақ, ауданда тұрмысы төмен екі отбасына азық-түлік себеті берілді. Ұйымдастырушылар, осындай әлеуметтік топ мүшелеріне қайырымдылық таныту, әрдайым олардың жанынан табылып, демеу болу – біздің азаматтық парызымыз дейді.

Қайырымдылық қазақтың қанында бар қасиет. Біз «кең болсаң кем болмайсың» деген тұмса тәмсілді тұмар қып жүрміз. Акция аясында Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Фердауси ауылының оқушыларына қамқорлық көрсеттік. Бұл игілікті істі әрі қарай жалғастыра береміз, - деді Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының төрағасы Акбаржан Исмаилов.


Әйтеке Би: «Бақыт деген басқа қонған құс, бала деген артта қалған із, байлық деген қолда еріген мұз. Мәңгілік қалатын қайырымды адал іс» депті. Иә, тіршілікте тірі жүрген кісінің жамандықтан бұрын жақсылық жасауды ғана ойлап, ұрлық-қарлық емес, қолынан келгенше қоғамға пайда келтіргенінен асқан бақыт жоқ. Телегей теңізге татырлық қайырымдылық жасау үшін мол байлық емес, мейірімді жүрек болса болғаны. Оған осы шарада көз жеткіздік.


Кейін қарай