Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Наурыз, 2021

1489

Елімізде Наурыз мерекесі тойланды

Тараз қаласының «Қазақ халқына мың алғыс» монументі орналасқан алаңда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастыруымен «Ырыс пен ынтымақтың мерекесі – әз Наурыз» атты іс-шара өтті.

Ұлыстың ұлы күні өткен іс-шараға облыстық ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, олардың шығармашылық топтары, жастар қанаты, Тілдерді дамыту басқармасының тіл мамандары, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері облыстық БАҚ өкілдері қатысты.

Алаң орталығында этномәдени бірлестіктердің талантты мүшелері концерттік бағдарлама өткізді. Арнайы шара үшін тігілген киіз үйде наурыз көже мен қазақтың ұлттық тағамдары қойылды.


Бұдан өзге, мерекелік думанды көруге келген қала тұрғындарына облыс әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік тіл бойынша викториналық сұрақтар қойылып, оған жауап бергендер арнайы сыйлықпен марапатталды.

Шара соңында «Қазақ тілі – ғажап тіл» фестивалінің жеңімпаздары марапатталды.


Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі Атырау облысы Қазақстан халқы ассамблеясының Достық үйінде де ауқымды түрде аталып өтті.

Шараға этномәдени бірлестік өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, Аналар кеңесінің өкілдері және Жылыой, Мақат аудандарынан шақырылған Қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары қатысты.

Достық үйінде киіз үй тігіліп, ақ дастархан жайылып, наурыз көже, бауырсақ таратылды.


Бұл айтулы шарада қазақтың ұмыт болып бара жатқан жоралғыларының бірі – «Мойын тастар» дәстүрі жаңғыртылып, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының этнос жастары жас жұбайларды сомдады.

Наурыз мерекесіне арнайы дайындалған «Ынтымақ» өзбек этномәдени бірлестігінің палауы, «Тхоньиль» кәріс этномәдени бірлестігінің салаты, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің бозторғай кейпіндегі тәтті бөлкесі ақ дастарханға ұсынылды.


ҚР Тәуелсіздігіне 30 жылдығы мен Наурыз мерекесіне орай Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы бірнеше іс-шара өткізді.

"Ұлттық тағамдар күніне" орай Маңғыстау облысының этномәдени бірлестіктері арасында "Престиж" сауда - жиһаз орталығының ғимаратында ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылды. Стол сияқты ұлттық киімдер көрмесі өтті. Жиылған жұрт ұйғыр лағманынан, өзбек палауынан, осетин тәттілерінен және әзірбайжан долмасынан дәм татты.


Наурыз мерекесі қарсаңында Ассамблея мүшелері қала меценаттарымен бірге қайырымдылық акциясын өткізді. Жүз балаға ойыншықтар таратылса, 10 көп балалы анаға қажетті тұрмыстық заттар жеткізілді. Соның ішінде 11 бала тәрбиелеп отырған Гүлсәнім Алламбаева да бар.


Солтүстік Қазақстан облысында Наурыз мерекесі он күні бойы тойланды. Алдымен, Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің қатысуымен экологиялық акция түрінде «Жайлау күні» өтті. Одан кейін «Шежіре күні», «Тарихқа тағзым күні», «Игі істер күні» аясында бірқатар шара ұйымдастырылды.

«Шымырлық пен шеберлік күні» ұлттық спорт түлері мен қолөнерге арналды. Осыған орай, Достық үйінде этномәдени бірлестік мүшелері үшін тұмар жасау бойынша шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Ал «Даналық пен білім күні» «Наурыз» тақырыбында қазақ тілі сабағы түрінде өткізілді. «Ұлттық тағамдар күні» Достық үйінде «Томпақ бауырсақ» қызықты конкурсы өтті. Байқауға этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Қатысушылар дәстүрлі қазақ тағамы – бауырсақты дайындау бойынша жарысты. 1-орынды «Радзіма» белорус мәдени орталығы жастар қанатының белсендісі Егор Мерчук еншіледі.

Ал 22 наурызда Достық үйінде «Қазақтың салт-дәстүрлері. Амал мерекесі» атты фестиваль ұйымдастырылды. 23 наурызда СҚО ҚХА Аналар кеңесі «Жоралғы күнін» өткізді.

Кейін қарай