Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Қыркүйек, 2017

988

Тілге құрмет - елге құрмет

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап өткен.

Қыркүйек айының 21 жұлдызында Көкшетау қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қолдауымен № 5510 әскери бөлімі Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тілге құрмет – елге құрмет»   фестивалін өткізді.

Фестивальдің басты көздеген мақсаты – мемлекеттік тілді, сонымен қатар Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің тілдерін құрметтеуге, халықтардың мәдениеттерін, салттары мен дәстүрлерін танытуға, жас буын өкілдерінің патриоттық сезімдерін күшейтуге бағытталған.

Шын мәнінде киелі де, қасиетті Қазақ елі көптеген ұлттар мен ұлыстардың атамекеніне айналды. Ал осы салтанатты іс-шара – Ана тілін асқақтату арқылы өзіндік болмыс бітімін айшықтай түсуге ұмтылған түрлі ұлыстардың тілегінен туған мереке.

Әскери қызметкерлер – патриоттық пен туған жерге адалдықтың, кез келген уақытта оны қорғауға дайын болушылықтың айқын мысалы. Сол себепті олар туған тілді құрметтеу – әрбір азаматтың міндеті деп есептейді.

Іс-шараның барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майоры Сатов Мұқамедқали Құсайынұлы атынан  Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктерге арнайы алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жақыпова Марал Қажыкенқызы іс-шараға қатысуға келіп отырған құрметті әскери қызметкерлерге, оның ішінде 5510 әскери бөлімінің командирлеріне, генерал-майор Сатов Мұхаметқали Құсайынұлына, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Имиров Савердин Карловичке, полковник Парпура Александр Владимировичке, аға офицер Смаилова Дидар Қайыржанқызына және подполковник Рыспаева Ботагөз Тайшыбекқызына Ақмола ассамблеясының атынан алғыс хаттар табыстап, тіл мерекесіне орай осындай маңызды іс-шараға қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.

Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері белсенді қатысып, өздерінің салт-дәстүрлерін, ұлттық билерін көрсетумен арнайы концерттік бағдарлама ұсынды.

Дата события ассамблеи: 22.09.2017

Кейін қарай