Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Қаңтар, 2020

18104

Ассамблея ұлт бірлігі идеологиясының басты тірегіне айналды

Ежелгі қалалардың бірі Бұқарада туып-өскен Ашур Халилұлы әкесінің жол бастауымен 1953 жылы ата-бабасының көш ізі қалған Сыр бойына көшіп келген.

Елдік пен бірлікті бойтұмардай сақтаған Қазақстанды ата жұртым деп білген Ашур ақсақалдың балалары да Қызылорданың топырағына аунап өсіп, бүгінде ел аумағында түрлі салада қызмет атқарып жүр. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесіне айналған Ашур ақсақал Қызылорда облыстық этномәдени бірлестігінің сыйлы ардагері. Ол Ассамблея құрылған уақыттан бастап, өңірдегі қым-қуыт тірлікке белсене атсалысып, оның қалыптасуы мен дамуына тікелей үлес қосқан жан. Ашур Халилұлы бұл туралы «assembly.kz» порталына сұқбатында баяндады.

«Біз тамыры бір ұлтпыз. Бір-бірімізге алакөзденетін, бөлісе алмайтын, түртпектейтін, мүйіздейтін ештеңеміз жоқ. Бағзы замандардан бері қарай тату-тәтті тіршілік кешіп келеміз. Бүгінде Қазақстан дейтін қабырғалы елде 700 мыңнан аса өзбек тұрады. Оның сыртында біздің мемлекетке келіп жұмыс істейтін, нәпақасын айыратын ағайынның өзі біршама. Ал Өзбекстанда миллионнан артық қазақ ғұмыр кешіп жүр. Екі елдің арасындағы достық қарым-қатынастың, бауырластықтың, ынтымақтың белгісін айнытпай көреміз. Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан осы ұлы достықтың әлі талай буынды тербететініне бек сенеміз», - дейді аузы дуалы Ашур ақсақал. Сондай-ақ, ол елдің тұрақтлыығы мен ұлттар татулығын ұрпақ сабақтастығы ретінде жастардың жалғастыратынын айтып, бұл тұрғыда барлық этностар жастары арасында насихат жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына тоқталды.

«Әрине, жастар білсін, бір мемлекетте, бір үйде тыныштық болмаса, ол жерде нан болмайды. Мәселен, Тәуелсіздік жылдарында көңілі дархан, кең байтақ қазақ даласын мекен еткен бір де бір ұлыстың өкілі өзінің туған тілін жоғалтқан жоқ. Саны ең аз саналатын этнос өкілдеріне дейін тілі мен ділін сақтап, қал-қадірінше дамытуына барлық жағдай жасалып келді. Мұндай мысалдар қазіргідей әлемнің дегбірі қашып тұрған заманда бейбітшіліктің, татулық пен келісімнің қадірін түсіну арта түсіп, әлем халқының бейбіт өмірге мүдделі, оны сақтау жөніндегі шараларға мұқтаж екендігін көрсетеді. Бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі өлшеусіз. Өйткені бұл орган барша саяси күштермен, бүкіл аймақтармен байланыс орната білді. Бүгінде Қазақстанның барлық ізгі қадамдарының бел ортасында жүрген Ассамблея елмен бірге өсіп, кемелденіп, толыққанды конституциялық органға, ұлт бірлігі идеологиясының басты тірегіне айналды.», - дейді Ашур Халилұлы.

Сұқбаттың толық нұсқасына сілтеме.

Кейін қарай