Қазақстан халқы Ассамблеясы

11 Маусым, 2022

81

«ДОСТЫҚ» ДЕБЮТЫ

Бүгін, 11 маусымда, Алматы қаласындағы республикалық Достық үйі тарихи ғимаратының 50 жылдығына арналған әуесқойлар арасында шахматтан «Достық кубогы» турнирі өтті.

Іс-шараға ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Алматы қалалық Шахмат федерациясының президенті, халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік, Алматы қалалық Мәслихатының депутаты, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, кардиохирург Алмас Қодасбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қала тұрғындары мен жастар және БАҚ тілшілері қатысты.


Ашылу барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов зияткерлік спорттың бұл түрін барлық жерде дамыту қажетті туралы айтып, шахматтың балалар логикасының дамуына, шығармашылық ойлау икемділігіне және басқа да қасиеттерге оң әсерін тигізетіндігін жеткізді.

«Бүгін турнирге қатысушылар үшін маңызды оқиға: «Достық Кубогы» турнирі басталды, оған жастар да, аға буын өкілдері де қатысып отыр. Бүгінгі турнирді осы дана ойынның жанкүйерлері асыға күткен болатын. Сондай-ақ бірінші символдық қадам құқығы маған берілгеніне өте қуаныштымын. Баршаңызға жақсы ойын және жарқын жеңістер тілеймін», – деді М.Әзілханов.

ҚР Президентінің кеңесшісі М.Отарбаевтың пікірінше, шахмат – құр ойын ғана емес, сонымен қатар өнер мен ғылым. Ол адам бойындағы ойлау және дұрыс есептеу қабілеттерін жетілдіріп, шығармашылық пен адал күрес мәдениетін үйретіп, ойындағы қарсыластарын терең құрметтеуге міндеттейді.

«Бұл жарыс қызу және қызықты өтетініне сенімдімін және біз көптеген тамаша, әрі мазмұнды партиялардың куәсі боламыз деп ойлаймын, сондай-ақ бұл дода Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін дәстүрлі болатынына сенімдімін. Біздің жас қатысушыларымыз болашақта гроссмейстер атағын иеленіп, Қазақстанның имиджін халықаралық аренада ілгерілетуге өз үлестерін қоса берісін деп тілеймін», – деп айтты М.Отарбаев.

Сонымен қатар жарыстың ашылуы барысында жақын арада республикалық Достық үйінің ғимаратында «Достық» шахмат клубы жұмысының басталатыны туралы жағымды жаңалықты қатысушылар қуана қабылдады. Бұл клубтың қызметі шахматты қоғамда насихаттауға бағытталады.

Айта кетсек, аталмыш турнир ФИДЕ ережесімен швейцариялық жүйе бойынша 7 кезеңмен өтті. Турнирді ҚР АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ, «Мурас» қырғыз этномәдени бірлестігі ұйымдастырды.


Кейін қарай