Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Қаңтар, 2020

8368

«Ұлтыңызға қарамай қазақ тілін үйреніңіз» дейді Ассамблея жастары

Мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдерінің қатары күн санап артып келеді. Бұл сөзімізге Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен тұңғыш рет өткен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» форумы нақты дәлел бола алады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік тілді қолдану мен дамытуға арналған және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында міндеттелген қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру тапсырмасын орындау, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді жетік меңгерген азаматтарды үлгі ету, сондай-ақ олардың қатарын көбейту мақсатын көздеген шараның қатысушылары форумнан кейін танымалдылықтары арта түскенін жасырмайды.

Олар тек қазақ тілінде жүзеге асқан жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сауытбк Әбдірахманов, Бақытбек Смағұл, Геннадий Шиповских, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Өтеген Оралбаев, ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сенім Ұлттық Кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса және басқа филология мен лингвистика саласының ғалымдары, БАҚ басшылары, ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымының өкілдері ризашылықтарын білдіріп, өмір жолында сәт-сапар тілегенде төбелері көкке екі елі жетпегенін айтады.

Еліміздің барлық аймақтары мен маңызы бар үш қаладан қазақ тілінде еркін сөйлейтін 100 ден астам этнос өкілдерінің арасында орыс, армян, әзербайжан, неміс, күрд, түрік, украин, молдаван, татар, поляк, литван, корей, ұйғыр және тағы басқа халықтардың өкілдері жиналған-ды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев жиын барысында «Қазақстанның тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тілге деген көзқарас – елге деген көзқарас» деген сөзі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауында да «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген болатын.

Мемлекет көздеп отырған меже бойынша, 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуі тиіс. Осы орайда 130 дан астам ұлттың басын қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы қандай жұмыстар атқарып, нендей үлес қосады? Осы форум арқылы біз түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген көзқарасымен бөлісіп, іс жүзінде қаншалықты меңгергенін нақты дәлелмен көрсетуді жөн санадық, – деп атап өткен-ді.

Біз бүгін мемлекеттік тілдің мәртебесі жайлы мәселе қозғап, мемлекеттік тілді қолдануды міндеттеу керек деген этнос жастарының ой-пікірімен бөліссек дейміз.


МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ 2 ЖЫЛДА ҮЙРЕНДІМ


1995 жылы Шешенстанда соғыс басталғанда отбасымыз Қазақ­станға қоныс аударды. Ақтау қаласында орыс мектебінде білім алдым. Мектепті бітіргеннен кейін Бейжіңдегі Қытай политехникалық университетінің экономика және халықаралық сауда факультетіне түстім. Қытайда 5 жыл оқып, бакалавр дәрежесіне жетіп, екі шет тілін меңгеріп шықтым. 2014 жылы 2014 жылы Ақтауға оралып, жұмыс тәжірибем болмаса да, мұнай компаниясына жұмысқа тез орналастым. Ең алдымен шет тілдерін жақсы білетінім сеп болды. Бірақ мені «қазақ жерінде өстім, білім алдым, 4 тілді меңгердім, ал мемлекеттік тілді білмеймін» деген бір ой мазалай берді. Көп ойланып өзіме серт бердім: «мен қазақ тілінде еркін сөйлей алған кезде ғана өзімді қазақстандықпын деуге құқығым бар. Қазақ тілін қалайда үйренем» деп, 2016 жылы қазақ тілін үйренуді бастап кеттім. Оңай болды деп айта алмаймын, өйткені шешен тілі қазақ тіліне мүлде ұқсамайды. Оның үстіне, жұмыс көп, уақыт аз. Соған қарамастан, сабағымды жалғастырып, нәтижесінде 2 жылда қазақ тілінде еркін сөйлейтін деңгейге жеттім.

Сондықтан Қазақстанда тұратын азаматтарға айтарым, ұлтыңызға, жасыңызға қарамай, мемлекеттік тілді үйренуге ұмтылыңыз. Бір өкініштісі, көпшілік мектеп жасында қазақ тілді орта болмағанын тілге тиек етеді. Бірақ менің ойымша, бұл – сылтау ғана. Қазақ тілін кез келген жаста үйренуге болады. Бастысы – ынтаңыз бен өз еліңізге деген құрметіңіз. Менің қолымнан келді, сіздің қолыңыздан да міндетті түрде келеді!

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ер-азаматтарға бір үндеу тастағым келеді. Қазақстанда ер баланы ел-жұртына қамқоршы, қорған болатындай етіп тәрбиелейді. Керек болса, ер жігіт Отаны үшін өмірін де қиған. Ал біз мемлекеттік тілімізді үйренуге бос уақытымызды қия алмаймыз ба, сонда?!
Тіл мәселесіне қамқорлқ көрсету әр азаматтың міндеті. Өйткені Шыңғыс Айтматов айтқандай, «Тілі мәңгі жасаған халық, өзі де өлмейді»!

Жамалаил ЭЛИМХАНОВ,

«Емир-Ойл» ЖШС тиімділік директоры


ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНУІМЕ НАМЫС ТҮРТКІ БОЛДЫ


Өзбекстан Республикасында дүниеге келгенмін. Ұлтым – армян. 2007 жылы отбасымыз Қызылорда қаласына көшіп келіп, орыс мектебінің табалдырығын аттадым. Сыныптастарым түрлі ұлт өкілдері болды, бірақ барлығы қазақ тілінде сөйлейтін. Олар маған жиі қазақша сұрақ қоятын, тіл білмегендіктен

өзбекше жауап беретінмін. Аузымды ашсам, барлығы мені мазақ қылып күлетін. Бұл менің намысыма қатты тиетін. Ақыры, оларға «маған көмектесіңдер» деп қолқа салдым. Осылайша, достарымның арқасында қазақ тілін біртіндеп меңгере бастадым.

Қазіргі таңда полиция қызметкерімін, жұмыс барысында небір қызық жағдайлар басымыздан өтіп жатады. Ауылдан келген кісілер кейде түріме қарап орыс тілінде жөн сұрайды, қазақша жауап бергенімде «балам қазақ екенсің ғой» деп қуанып кетеді.

Жалпы, қазақ тілін үйренуіме намыс түрткі болды, осы қасиет басқалардың бойында жетпей жатқан сияқты.

Армен ОГАНЕСЯН,
Мамандандырылған күзет қызметі Басқармасының полицейі


ӨЗІМДІ ТАЗА ҚАЗАҚ СЕЗІНЕМІН

Туған жерім – Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы. Ұлтым – орыс. Біздің ауылда қазақ тілінде сөйлегенімізге ешкім таңғалмайды. 11 жыл қазақ мектебінде оқыдым, кейін колледжде де мемлекеттік тілде білім алдым. 2015 жылы Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аудардым. Сол уақыттан бастап таңғалушылар көбейді. Тіпті кей кісілер «сен неге орысша сөйлемейсің, қазір барлығы орыс тілін біледі ғой» деп сұрап жатады. Бірақ мен үшін ана тіліме қарағанда, қазақша тілдесу әлдеқайда оңай. Өзімді таза қазақ сезінемін. Қазақстан азаматтарының барлығы қазақ тілін білуге міндетті деп ойлаймын.

Қазақ тілін білгенімнің арқасында 2015 жылдан бері Ішкі істер органдарында табысты қызмет атқарып келемін.

Александр ФИЛАТОВ,
Мамандандырылған күзет қызметі Басқармасының полицейі


ОРЫСТЫҢ ҚАЗАҚ ҚЫЗЫМЫН

2000 жылы отбасымызбен Қазақстанға Ресейден қоныс аудардық. Анам Мойынқұм ауданы Ұланбел ауылының тумасы. Мектеп бітіргеннен кейін білім іздеп, Ресейге барып әкемді кездестіреді. Екеуі шаңырақ көтеріп 5-6 жыл тұрғаннан кейін, анам әкеме туған өлкесін көрсеткісі келіп, Қазақстанға қыдырып келеді. Сол кезде қазақтың қонақжайлылығы мен табиғатының ұнағаны соншалық, біз Ресейге қайта оралмадық. Әке-шешем өзімнен 3 жас үлкен ағам екеумізді қазақ мектебіне берген кезде қатты қиналды. Үй тапсырмасын орындау үшін көршілерді біраз аралап, көмек сұрауға тура келді. Мектеп кезінен іс-шараларға белсенді қатысып келе жатырмын. Әрдайым өзімді «орыстың қазақ қызымын» деп таныстырамын. Анам секілді білім іздеп, алысқа бармай-ақ қоюды шештім. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін биыл бітірдім. Менің болашағым, Қазақстанның келешегі қазақ тілінде екеніне кәміл сенімдімін.

Виктория ТРЕГУБОВА,
Жамбыл облыстық «77» телеарнасының жүргізуші-редакторы


АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗІН КӘРІС ТІЛІНЕ АУДАРДЫҚ

Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Қызылқұм ауылында өмір есігін аштым. Отбасымызда кәріс, қазақ, орыс тілдерінде еркін сөйлесеміз. Алты жасымда қазақ мектебіне бардым. Достарымның барлығы – қазақ, қазақ тілін ерекше жақсы көремін және еркін сөйлеймін. Тіпті қазақ тілінде өлең де жазамын. Туған ағам Тимур Абайдың барлық өлеңі мен 45 қара сөзін жатқа біледі. Соның арқасында республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Екеуміз хәкім Абайдың сөздерін, оның ішінде отыз бірінші қара сөзін кәріс тіліне аудардық.

Қазіргі таңда университетте қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқып жатырмын. Өйткені қазақ бола тұра, өз ана тілінде сөйлемейтін жастардың көптігі мазалайды. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің не себепті екінші орынға ысырылып келе жатқаны қынжылтады. Сол себепті, қазақ тілін жетік меңгерген, ұлтына адал қызмет атқара алатын жеткіншектерді тәрбиелегім келеді.

Сабина ПАК,

Корей этномәдени бірлестігінің мүшесі


МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТАЛАП ЕТІЛУІ КЕРЕК

Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Өзім үйрендім, ұлтым орыс болса да, қазақ тілін жақсы меңгергенмін. Үйде бес ұлмыз, барлығымыз қазақша сөйлесеміз. Ол үшін анамызға алғыс айтқым келеді.

Өзім мемлекеттік қызметкер болғандықтан, Қазақстанда қазақ тілі қашанда бірінші орыннан көрінуі керек деп есептеймін. Ол үшін мемлекеттік мекеме басшылары қоластындағы қызметкерге қазақ тілін білудің міндеттілігін түсіндіруі қажет. Қызметке қабылдау кезінде үміткердің ұлтына қарамай, мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін ескеруі керек. Оған қоса, жұмыс барысында мемлекеттік тілді қолдануы тиіс.

Алексей ОВЧАРОВ,

ШҚО, Белоусовка ауылының әкімі


ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ БАЛЫ ЕСЕПТЕЛУІ ТИІС

Мен жуырда мемлекеттік қызметке қабылдану үшін екі мәрте тест тапсырдым. Сол уақытта байқағаным, қазақ тілінің сынағы өте оңай. Алғашқыда 20 сұрақтың 19-на қиналмай жауап бердім. Екінші жолы келгенімде тест алушы «қазақ тілінен тапсырмасаң да болады, ол бәрібір есептелмейді, негізгі заңдарға зейін қой» деді. Бұл менің көңіліме қатты тиді, егер ешқандай маңызы болмаса, қазақ тілінің ұпайы саналмаса, сынақа не үшін енгізді?! Мектеп бітірген уақытта да тап солай. Жоғары оқу орнына түскенде, мемлекеттік қызметке қабылдағанда алған балы есептелмеген соң, ешкім мемлекеттік тілді үйренуді қажетсінбейді. Керісінше, қазақ тілінен тест тапсыра алмаған азаматты мемлекеттік қызметке өткізбеу керек.

Илияр МУТАЛИПОВ,

Батыс Қазақстан облысы

ұйғыр этно-мәдени бірлестігінің өкілі


ЖАСТАРДЫ АУЫЛҒА ЖІБЕРУ КЕРЕК

Орыс ұлтынан болсам да қазақ тілін кішкентай кезімнен білемін, өйткені ауылдық аймақтарда барлық этнос өкілдері қазақ тілінде сөйлейді. Қазақ тілін білу, білмеуге қатысты мәселе жоқ. Тілдің мәселесі – қалада, халық көп шоғырланған үлкен шаһарларда. Мегаполис тұрғындары ресми тілге құмар. Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін жастарды екі-үш ай ауылға тәжірибе алмасуға жіберу керек. Біліктілік арттырып қана қоймай, тілдің, діннің сақтаушысы болып отырған ақсақалдардың өнегесін алып әрі тіл үйреніп қайтады.

Өз басым жұмыс барысында мемлекеттік тілді қолдануға тырысамын. Кейде жасы үлкен ақсақалдар келіп, түріме қарап мәселені орысша жеткізуге тырысады. Мемлкеттік қызметтің талабы бойынша, қай тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап беруің керек. Дегенмен, мен алғашқы сөзімді орысша бастап, одан кейін «Құрметті ақсақалдар, бір-бірімізді жақсы түсінуі үшін әңгімені қазақша жалғастырсақ қалай болады?» деп сұраймын. Ондай кезде ағаларымыз «өзіміздің бала екенсің ғой» деп арқамнан қағып жатады. Сондай сәттері мақтаныш сезімі кернеп, біразға дейін ішкі буың басылмай тұрады.
Жалпы, әр азаматтың жүрегінің түкпірінде тілге деген құрмет тұрады, тек соны оята білу керек!

Владимир ЧЕПЕЛЬ,

Алматы облысы Қапал ауылдық округі

әкімі аппаратының жетекші маманы


ТІЛ ҮЙРЕТУ ӘДІСТЕМЕСІН ЖАҢАРТУ ҚАЖЕТ

Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру мәселесі мені білім беру саласында 17 жыл қызмет ететін ұстаз ретінде ғана емес, ел азаматы ретінде де қатты толғандырады.

Мәселен, біздің лицейде оқушылар қазақ тілінен тест тапсырғанда үнемі жоғары балл жинайды. Жазған кезде де грамматикалық қателіктер жібермеуге тырысады. Бірақ үзілісте бір-бірімен қазақша сөйлесе алмай жүр. Қазақ тілі қарым-қатынас тіліне айнала алмауына не себеп? Меніңше, қазақ тілін үйреткенде ағылшын тілін үйрету әдістемесін қолдану керек. Өйткені қазақ тілін үйрету барысында бала тілдік кедергіге жиі ұшырайды. Ұстаздар тарапынан көп ескертпелер айтылады, тиым көп. Ақырында баланың тілге деген қызығушылығы жоғалады. Тіл үйренушілерге бастапқы кезеңде ерік берген дұрыс, кемшіліктерін бірден түзеуге асықпау керек, сонда жүре келе, оқи келе өз қателіктерін өздері түзейтін болады.

Наталья Дементьева,

Көкшетау қалалық гуманитарлық-техникалық

лицейінің директоры


ТІЛ ҮЙРЕНУДІ ТАСТАП КЕТПЕГЕНІМЕ ҚУАНАМЫН

Менің түрім қазаққа ұқсайды. Сондықтан да әке-шешемнен бірнеше рет «7 атамның ішінде қазақ жоқ па?» деп сұрадым.
Кореяда жүріп қазақ тілін интернеттегі онлайн сабақтар арқылы үйрене бастаған едім. Қазақстанға алғаш рет 2005 жылы Кореяның Сеул қаласынан келдім. Кореялық бірнеше студент Нұр-Сұлтанға келіп жоғарғы оқу орнының қазақ бөліміне құжат тапсырдық. Алайда құрбыларымның көбісі қазақ тілінің қолданыс аясының төмен екенін көріп, орыс бөліміне ауысып кетті.

Кейін 2011 жылы Қазақстанға қайта келудің сәті түсті. Сол уақытта қазақ тілінде сөйлейтіндердің қатары көбейгеніне көз жеткіздім. Ал 2015 жылы Нұр-Сұлтан қаласында жұмысқа орналастым, қазіргі кезде құрбыларыма еріп, қазақ тілін үйренуді жарты жолда тастап кетпегеніме қуанамын.

Чу Ионг Мин,

Қазақстандағы Корея Республикасы

елшілігінің қызметкері


ҚАЗАҚ ТІЛІН «АБАЙ ЖОЛЫ» АРҚЫЛЫ ҮЙРЕНДІМ

Ұлтым – орыс. Мектепте орыс тілінде білім алдым, қазақ тілін тек пән ретінде ғана оқығанмын. Анам үнемі «Қазақстанда тұрасың, көшеде көпшілікпен қазақ тілінде сөйлесуің керек» деп айтып отыратын. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабын оқығаннан кейін қазақ тіліне деген қызығушылығым оянды. Қазақ тілі – өте бай тіл. Кей сөздерді орысшаға тура мағынасында аудара алмаймыз. Сондықтан қазақ әдебиетін түпнұсқада оқу керек деп ойлаймын.

Русалина Пряхина,

М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік

университетінің студенті


ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНІМІН

Орыстың қызымын, қазақтың келінімін. Екеуміз ата-енемнің қолында тұрамыз. Қазақ тілін мектеп қабырғасынан бастап үйрендім. Күн сайын ата-енеме сәлем саламын, үлкен кісілер «қосағыңмен қоса ағар, көп жаса» деген баталарын береді. Өкінішке қарай, қазыналы қарттардың осындай ақ батасын естімей жүрген құрбыларымыз қаншама?! Сәлем салу – өзін төмен көрсету, ескінің қалдығы деп санайды. Бұл – үлкенге құрмет, әдептілік белгісі. Сондықтан келіндерге ата-апаларымыздың ақ батасын алуға асығайық.

Юлиана Новикова,

Атырау облысы Құлсары ауданы «Өркен»

бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі


ТӘРБИЕ ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

Қасиетті Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасымын. Ұлтым – неміс. Қалың қазақтың ортасында өстім. Мектепті орыс сыныбында бітіргенмін, жоғарғы оқу орнына құжат тапсырғанымда, сол жылы орыс бөлімі қабылдамайтын болып шықты. Мен еш ойланбастан, қазақ бөлімінде бақ сынап көруге бел будым. Бағым жанып, журналистика мамандығына түсіп кеттім. Құдайға шүкір, қазақ тілінде еркін сөйлеп, сауатты жазамын. Қазіргі таңда отбасылымын. Қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Жанерке, Жансая есімді екі қаракөз қыздың анасымын. Қыздарыма қазақы тәрбие беріп отырмын. Жас ата-аналар көп жағдайда баласын қай мектепке берерін білмей қиналады, өйткені өздері тіл білмейді. Замандастарыма айтарым, еш қорықпастан балаларыңызды қазақ мектебіне беріңіздер. Жемісін береді, қызығын көресіздер.

Светлана Крюгер,

Қызылорда облыстық «Қоғамдық келісім»

КММ қызметкері


БАЛАНЫ ҚАЗАҚ БАЛАБАҚШАСЫНА БЕРУ КЕРЕК

Менің ойымша, қазақ тілін үйретудің бірден-бір жолы баланы қазақ бала бақшасына беру. Бүлдіршіндердің миы ақ парақ секілді, бірден қабылдап, сіңіріп алады. Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білмеу ұят деп санаймын және өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлегендеріне таңғалмауымыз керек. Өйткені мемлекеттк тілді үйрену үшін жағдайдың барлығы жасалған.

Жұмыс барысымен шетелге шығып тұрамын. Испания еліне барған кезде байқағаным, шекарасынан аттағаннан кейін, олар тіпті ағылшын тілінде бірауыз тіл қатқан жоқ. Тек испан тілінде сөйлеседі. Неге біздің елімізде мемлекеттік тілге осындай талап қоймасқа?!

Алла Чечеткина,
Қостанай облыстық филармониясының

баспасөз хатшысы


ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ САБАҚ БЕРЕМІН

Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент өңірінің тумасымын. Сол жерде ұйғыр тілінде білім алдым, одан соң Алматыда бакалавриат және магистратураны орыс тілінде оқыдым. Қазақ тілін түрлі шараларға, сайыстарға белсене қатысып жүріп, меңгеріп алдым. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда қалалық университеттің бірінде қазақ тілінен сабақ беремін. Қазақ тілі Абайдың, Мағжанның тілі, Әуезовтің тілі. Қазақ тілін білетін адамдар үшін бұл тілдің мүмкіншілігі кең. Алайда қазіргі өзекті мәселе ол терминдердің дұрыс аударылмауында. Психология саласы бойынша терминдердің аудармасы ала-құла және студенттерге түсініксіз жасалған. Алдағы уақытта осы мәселелерге назар аударып, бір ізге түсіру қажет.

Зульфия ТАИПОВА,
Каспий университетінің лекторы


АСЫҚ ОЙНАП, ЖАБАҒЫ ҮЙРЕТІП ӨСТІМ

Бала кезде ауылда тұрдық, балалармен асық ойнап, жабағы үйретіп, көкпар тартып жүріп қазақ тілін үйрендім. Екі інім, бір қарындасым бар. Қарындасым қазақ тілінде ән салады. Мектепті орыс сыныбында, колледжді қазақ тобында оқыдым. Қазақ бөлімінде шамамды байқап көрейін деп шештім. Алайда ауыр техникаға байланысты «машиностроение», «агрегат» деген сияқты сөздердің аудармасы жаттауға біраз қиындық тудырды. Сондықтан техникалық сөздердің аудармасына жіті қарап, мән берген жөн деп есептеймін.

Максим Голиков,

Мамандандырылған күзет

қызметі Басқармасының полицейі


ТҮЙІН:

20-25 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда, мемлекеттік тіліміз бірталай деңгейге көтерілді. 2005 жылы бір топ Парламент депутаттары Елбасыға «мемлекеттік тілді Парламенттің тіліне айналдыру керек» деген ұсыныс тастаған. Сол уақыттағы Мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімов баяндама жасап, «қазақ тілінің қолдану аясы 40 пайызға жетті» деген болатын. Қазіргі таңда 75-80 пайызға өсті. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдеріне қарап, қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналатынына ешқандай күмән келтірмейміз.

Өтеген ОРАЛБАЕВ,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері


Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезі өте жақын қалғанын осы жастарға қарап байқап отырмыз. Қасиетті қазақ тілін менен кем емес білетіндеріңіз үшін сіздерге зор алғысымды айтамын. Қазақ тілін еркін меңгергендеріңіз арқылы болашақтарыңыз жарқын болатынына сенемін.
Бізде бұрыннан келе жатқан «Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір» деген сөз бар. Ендігі жерде «Бір ел – бір тіл – бір тағдыр» ұстаным қалыптастыру керекпіз.

Қазыбек ИСА,
ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық

сенім Ұлттық Кеңесінің мүшесі


2015 жылы ҚХА өкілдері «Менің Қазақстаным» атты пойызбен ел аралауға шықты. Мен сонда сол пойыздың машинисі болатынмын. Сол жылы сәуір айында сессияды сөз сөйлеп, көзге түсіп, әуелі Алла, одан кейін сенім артқан Елбасының арқасында қазір осындай қызметтемін. Қазақтың жақсы бір даналық сөзі бар: «Әрбір ұлттың жойылуы – тілдің жойылуынан басталады». Біз осыған жол бермеуіміз қажет. Өйткені қазақ халқының ақылы – көзінде, ал қасиеті сөзінде.

Геннадий ШИПОВСКИХ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты



Материалды ҚХА

Баспасөз қызметі топтастырды

Кейін қарай