Қазақстан халқы Ассамблеясы

28 Сәуір, 2020

6139

Ұлы Жеңістің жарқын сәулесі: Есімі аңызға айналған қазақтың батыр қызы Хиуаз Доспанова

Ұлы отан соғысының 75 жылдығына орай Атырау облысы этномәдени бірлестік жастары аты аңызға айналған Кеңес Одағының батыр-жерлестері туралы естеліктерді насихаттауды бастады. Фэйсбук әлеуметтік желісінде бастау алған бұл эстафета өзге этномәдени бірлестік өкілдерімен жалғасын тапты. Әр түрлі ұлт өкілдері өз парақшаларында жерлестерінің ерліктерін жазып, замандастарымен бөлісуде.

Алғашқы болып эстафетаны бастаған ҚХА «Жаңғыру жолы жастар қозғалысының мүшелері қазақтың батыр қызы Хиуаз Доспанова туралы сыр шертті. ҚХА жастар қозғалысының мүшесі Қуаныш Юсупов жерлестерінің отан үшін деген ерліктерін көп оқыған жастардың бойында патриотизм сезімін тәрбиелеудң мақсат тұтқан.


Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай өткен жылдың аяғында Атыраудың халықаралық әуежайына Хиуаз Доспанованың есімі беріліп, үлкен есткеркіш орнатылды.

Аспанда қалықтаған қазақтың қыран қызы 588 түнгі бомбалау авиаполкіне штурман-атқыш ретінде тіркеліп, 300-ден аса жауынгерлік тапсырманы орындап шыққан. Осындай ерлігі мен батырлығы үшін ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да көптеген жауынгерлік медальдармен марапатталған.


1922 жылғы 15 мамырда Гурьев қаласының (қазіргі Атырау) Ганюшкино селосында дүниеге келген қазақтың қайсар қызы Хиуаз Доспанова бала күнінен әуеде ұшуды армандаған. 1940 жылы мектепті әрі аэроклубты үздік бітірген Хиуаз бірден Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына барады. Бірақ оқуға түсе алмайды. Сонда да сағы сынбаған қазақ қызы жау тылында қыз-келіншектерден құрылған авиациялық полкке өтініш білдіреді. Сөйтіп 1942 жылдың көктемінде түнгі жау шептерін бомбалайтын әйелдер авиаполкінің құрамында майданға аттанады.


Хиуаз қызмет еткен полк Солтүстік Кавказ, Украина, Белоруссия, Польша, Германия аспанындағы шайқастарға қатысқан. Хиуаз бен оның ұшқыш құрбыларын немістер «Түнгі мыстандар» деп атаған. «Түнгі мыстандар» жау шебіне жақындағанда ұшу биіктігін төмендетіп, жауды үстінен бомбалап отырған. Кеңес Одағының батыры Марина Чечнева қазақ қызының шеберлігі жайында: «Хиуаз Доспанова ұшағын нысанаға дәл апаратын және өзі аэродромына да сондай дәлдікпен қайта оралатын», - деп жазған еді.


Соғыстан Хиуаз Доспанова І топтағы мүгедек болып оралды. Соған қарамастан қоғамдық өмірге белсене араласты. Алайда ол зейнеткерлікке ерте шықты. Зейнетке шыққанға дейін Алматы қалалық компартиясының екінші секретариаты болып қызмет атқарды. 2004 жылы 7 желтоқсанда Қазақстан Президентінің қаулысымен қазақтың батыр қызына «Халық қаһарманы» атағы беріліп, оған қоса Алтын Жұлдыз ерекше белгісі мен «Отан» орденімен марапатталды.


Аты аңызға айналған атақты ұшқыш, Ұлы Отан соғысының батыры Хиуаз Доспанованың есімімен Атырауда Спорт мұз айдыны сарайы бар. Сондай-ақ, 2013 жылы Атыраудың халықаралық әуежайында арнайы Хиуаз Доспанованың есімімен аталатын ұшақ келіп қонды.

Туған жері - Құрманғазы ауданының Жеңіс алаңында қазақтың ұшқыш қызына арнап мәрмәр тақта орнатылды. Хиуаз Доспановаға Атырау облысының Құрметті азаматшасы атағы берілді.


2008 жылдың 20 мамырында Хиуаз Доспанова өмірден өтті. «Ерлік - елге мұра», «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» дегендей, бойына бар батылдық пен ерлікті жиған қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанова ерлігі - елге мұра, көпке үлгі.


Кейін қарай