Қазақстан халқы Ассамблеясы

13 Қаңтар, 2021

144

«Мемлекет пен қоғамның басты ұраны, идеологиялық ұстанымы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» болуы тиіс»

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» бағ­дар­ламалық ауқым­­дағы мақаласы – ел Тәуел­сізді­гінің 30 жылдығына орай жүзеге асырылатын шараларды жүйелеп, міндеттерді айқындап берген туынды дер едік.


Мемлекет басшысының бұл тапсырмалары – шын мәнінде, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойының идеологиялық картасы. Бүгін, әсіресе Парламент Мә­жі­лісіне сайлау аяқталған кезде, бұл мін­деттер алдыңғы кезекке шығады, өйткені саясаткерлердің жаңа буынының алдында өзекті реформалар пакетін жүзеге асыру міндеті тұр. Олар тәуелсіздік идео­логиясын нақты істермен толтырып, іс жүзінде көрсетуі тиіс.

Өйткені Президентіміз өз мақаласын­да азат­тықтың 30 жылындағы жетістік­терін атап өтіп, болашақтағы бағыт-бағдарымызды тұжырымдады. Кеңестік кезеңнен кейін жаңа мемлекетті аяғынан тұрғызып, саяси бағытын қалыптастырған негізгі сәтті реформалар мен серпінді жобалар ауқымды деңгейде талданды.

Жер, тарих, экология, қоғам құнды­лы­ғы, жастар тәрбиесі мен патриотизм және мемлекеттік тіл, ел бірлігі туралы өт­кір айтқан орнықты ой-пікірлері мен жү­йелі көзқарасы қоғам тамырын дөп басты.

Алашты алаңдатқан бірқатар өзекті мә­се­­леге қатысты да сөз қозғап, тиісті орын­­дардың алдына нақты мақсаттар қойды.

Болашақтың бедерінде басты назар әлеуметтік-экономикалық өлшемдермен қатар, қазақстандықтардың келешек ұрпағының гуманитарлық, тарихи-философиялық және әлеуметтік парадигмаларына аударылған.

XXI ғасырда қазақстандық ұлт­тық-мем­лекеттік бірегейлікті дамыту мен ны­ғайтудың жан-жақты жолы бағдар­ланған.

Әрі Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ру­хани жаңғыру» қоғамдық сананы жаң­ғырту бағдарламасында, 2014 жылғы «Тәуелсіздік толғауында» баяндал­ған идея­ларының стратегиялық сабақтас­тығын көріп отырмыз.

Елбасы «Тәуелсіздік толғауы» ой орам­­дарында «Біздің жаңа Қазақ­станы­мыз жарық жұлдыз болып дүниеге келді. ...Тəуел­сіздік – сан буын бабалардың қа­сиет­­ті жеріміздің əрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі.

Тәуелсіздік – бірегей тарихы мен мәде­ниеті бар, мемлекеттік тілін және бар­лық қазақстандықтардың этностық тіл­дерін құрметтейтін халқымыздың мыз­ғы­мас бірлігі», деп терең толғаған болатын.

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қа­жырлы еңбегінің арқасында қол жет­кіздік. Сондықтан Елбасы тәуелсіз­дігі­міздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік», деп нақты атап өтті.

Президент мақаласындағы тәуел­сіздік тақырыбы – қазіргі рухани азат және дербес халқымыздың ұлттық өзін­дік мені мен мүддесін дамыту тақырыбы. Міне, сондықтан егемендіктің төртінші онжылдығының басты мақсаты – қуатты мемлекет құру және бәсекеге қабілетті ұлт болу.

Мемлекет басшысы оған қол жеткізу­дегі негізгі бағыттар ретінде саяси-эконо­мика­лық реформалар мен қоғамдық сананы жаңғырту үдерісін айрықша атап көрсетеді, мұнда ең бастысы – замана талабына бейімделген сапалы жаңа ұлттық бірегейлік.

Бұл тұжырымның арқауында әділет­ті қоғам мен тиімді мемлекет, әлеумет­тік әді­лет­тілік пен ашық мемлекет қағи­даттары тұр.

Бұл қадам жер жүзінің кез келген халқының бірегейлігіне сызат түсіретін, азаматтарды өзінің арбауына оңай түсіріп, жете­гінде алып кететін жаһандану зама­нының жаңа сын-қатерлеріне қарсы тұру үшін аса маңызды.

Тоталитарлық жүйенің тауқыметін кеше ғана бастан кешкен біздің халқы­мыз үшін бұл өте қауіпті болады. Міне, сондықтан Президент: «жаңа за­ман­ның жақсы-жаманын екшеп, артық­шы­лықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден-бір кепілі» деп ақыл таразысына салды. Бұл міндетті шешуде қазақ қоғамының да, бүкіл қазақстандық қоғамның да бірегейлігінің базалық негізі ретінде жалпыұлттық тарихи білім мен сананы қалыптастыруға басты рөл берілгені кездейсоқ емес.

Бүгінгі таңда біз тәуелсіздіктің алғаш­қы кезеңінде тер төккен аға буын мен Қазақстанды әрқашан тәуелсіз болғандай санайтын жас буынның дүниетанымын біріктіру қажеттілігін байқап отырмыз.

Жас қазақстандықтар еліміздің тарихи тәжірибесінің бай мұрасын зерделеп, мыңдаған жыл бұрын біздің ата-бабаларымыз Еуразияның орасан зор аумағын игеріп, оның орталық бөлі­гінде қазіргі заманғы Қазақстан қалай құ­рылғанын, тәуелсіздікке қандай қиын­­дық­тармен қол жеткізілгенін, XIX ғасыр­дан бастап ауқымды масштабта, әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қазіргі егемен Қазақстанның біртұтас халқын құрайтын көп этносты халықтың қалыптасу саясатын білуі тиіс.

Бұл ретте бұрын қасақана бұрмалан­ған немесе бүркемеленген көптеген тарихи фактілер мен оқиғалар ғылыми тұрғыда шынайы сүзгіден өтіп, көп­шілікке қолжетімді болуы және түсінікті түрде берілуі аса маңызды.

Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік жыл­дарын­да бірнеше рет қолға алынға­ны­на қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихы­мыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжы­рымдамасын бұған дейінгі олқы­лықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан кел­ді. Барлық оқулықтар осындай іргелі ең­бекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт ше­жіресін дәріптеу тұрғысынан ал­ғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бас­тау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет» деп баса назар аударды.

Өткенді объективті түрде қайта жаң­ғырту, тарихи бағамдар мен түсіндір­мелер­ге бейтарап талдау жасау, жаңар­тылғ­ан деректанулық база әзірлеу – тарих туралы оқулықтардың жаңа толқынының жетекші қағидаттары болуы тиіс. Бұл жас қазақстандықтардың білімін дұрыс жүйе­леуге, олардың жалпы­адамзаттық қағи­даттарға көз­қарасын нығайтуға, толерант­тылыққа, халықтар арасындағы өзара түсі­ністікке, ұлттық рухқа, патриотизм­ге байланысты құндылық бағдарларын қалыптастыруға ықпал ететін болады.

Айта кету керек, бұл мәселе бойынша бұл бірінші рет берілген тапсырма емес, сондықтан кейінге қалдыра беретін уақыт жоқ. Себебі «ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған тарих ұлттық өзіндік сана-сезімнің оянуына ықпал етеді» деп орынды атап көрсетілген.

Біздің халқымызды топтастыратын ортақ құндылықтар – қоғамның қуатты біріктіруші факторы.

Мемлекет басшысы олардың ішіндегі ең бастысы ретінде белгілі тарихшы С.Кляшторный тұжырымдағандай, қазақ халқының мемлекеттілігі кемінде үш мың жыл бойы құрылған, «бабалардан мұра болған қасиетті жерімізге» тоқталып, оны бізге ешкім «сыйға тартқан жоқ» деп кесіп айтты.

Президент сөзінен біз Қазақстанның территориясына қатысты кейбір шетелдік қайраткерлер айтып жүрген өте өресіз және негізсіз мәлімдемелеріне берілген жауапты анық көреміз.

«Қазақстанның екіжақты келісімдер­мен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарасы бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды»!

Бұл – бұдан бұрын айтылған және алдағы уақытта айтылуы мүмкін осындай мәлімдемелерге берілген нақты жауап. «Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек».

Менің ойымша, Қазақстан мен Ресей арасындағы жер мәселесін, мемлекеттік шекара туралы сөз еткенде тарихи куәліктерді де естен шығаруға болмайды.

Екі елді бөліп тұрған шекара дүние жүзіндегі құрлықтағы шекара болып табылады және оны делимитациялау мен демаркациялау жұмыстары халықаралық-құқықтық тәжірибеде бұрын-соңды кездеспеген құбылыс еді. Көршілес мемлекеттердің шекара мәселесін шегендеуді қолға алуы 1998 жылғы 12 қазанда Қазақстан мен Ресей президенттері Алматыда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы хаттамаға қол қоюдан басталғаны күні кешегі тарихымыздан белгілі. Осы құжатқа сәйкес Үкімет деңгейіндегі делегациялар 1999 жылдың соңына қарай келіссөзге кірісті. Қазақстан-Ресей шекарасын белгілеп және оны картаға түсіру батыстан – Еділ өзенінің төменгі ағысынан басталып, 2005 жылдың қаңтарында шығыста – Алтай тауының Оңтүстік Алтай жотасында аяқталды. Көп кешікпей 2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеуде мемлекет басшылары Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы шарт­қа қол қойды. Бүгінде екі ел арасын­дағы шекараның жалпы ұзындығы 7591 шақы­рымды құрайды. Бұл әлемдегі ең ұзын шекара. Қазір көрші елдер арасын­дағы осынау шекара достық пен тату көрші­ліктің де белдеуіне айналып отыр.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы біздің аумақтық тұтастығымызға күмән­данып, тату көршілік қатынасы­мызға сы­зат түсіргісі келетін арандатушылық мә­лім­демелерге қатысты жаңа ұстанымды атап өтті. Бұл қалың жұртшылық атынан ғана емес, ресми деңгейде де жа­уап болды, сон­дай-ақ ұлттық мүдделерді диплома­тия арқылы ғана емес, қатаң позиция­лар ар­қылы да қорғауға дайын екенін білдірді.

Сол арқылы басқа елдердің аумақтық тұтастығына күмән тудырған және еге­мендігін құрметтеу мәселелеріне сал­ғырттық танытқан әлемнің жетекші ойыншыларының келеңсіз, салдары өздері үшін қауіпті болатын кеудемсоқ көзқарастары үшін дер кезінде берілген тойтарыс деуге де болады.

Осы ретте 2020 жылғы 16 желтоқсанда Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путин бүкіл әлем мемлекеттерінің басшыларымен қатар ұлттық мереке – Тәуелсіздік күніне орай Президент Қ.К.Тоқаевқа құттықтау жеделхатын жол­дағаны орынды болды. Ресей мемле­кетінің басшысы өз хатында «Ресей мен Қазақстан арасындағы страте­гия­­лық әріптестік пен одақтастық қаты­нас­­тарының табысты дамуын қанағат­танар­лық» деп атап өтті. Ресей басшылығының бұл ресми ұстанымы, әрине, бүкіл Ресей халқының Қазақстанға деген ізгі құрметі мен сыйластығын көрсетеді.

Президенттің мақаласында көтеріл­ген тағы бір басты мәселе – өз жерімізге деген жанашырлық көзқарас, жерді ұтымды пайдалануға және қорғауға дайын болу.

Жерге деген көзқарас тек меншіктену, пайдалану мәселелеріне ғана байланысты емес, сонымен бірге оның экологиялық қауіпсіздігі, балалар мен ересектерді туған елдің табиғатына ұқыпты қарауды тәрбиелеу сияқты аса маңызды міндетті алға тартады.

Мемлекет басшысы халықтың этноде­мо­графиялық жағдайын теңестіру үшін және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету мақсатында елдің солтүстігі мен шығысының шекаралас аудандарын жиі қоныстандыру қажет екеніне көңіл бөлді.

Президент халыққа арнаған алғашқы Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» дей келе, мемлекеттік тіл мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даң­ғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керектігіне басымдық берген еді.

Мемлекеттік тіл туралы ұстанымын биылғы Жолдауында да, осы бағдарлама­лық мақаласында да тағы бір мәрте нақ­тылап өтті.

Қазақ тілін біріктіруші фактор ретінде қалыптастыру үшін бүгінгі таңда барлық құқықтық негіздер қалыптастырылғанын айта келе, оны меңгеруге талпынатын адамдардың өздерінің ниеті мен ынта­сы және осы мақсатқа жету үшін жағ­дай жасайтын Үкімет туралы мәселе көтер­ді. Осы тұрғыда балалар әдебиетінің рөлі, шетелдік жазушылардың үздік шығар­маларын аудару, басып шығару және тарату тапсырылды.

Қазіргі қоғамда қазақ тілін оқытушы­ларды – кәсіби кадрлар даярлау деңгейіне, мектептер мен балабақшаларда оқыту үшін тиімді білім беру құралдарын әзірлеу қажеттілігіне, халық арасында мемлекеттік тілді меңгеру перспективалары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына, сондай-ақ қазақ тілін оқыту орталықтары туралы ақпаратты таратуға, мемлекеттік тілде өтетін түрлі іс-шараларға мүмкіндігінше қатысушыларды барынша белсенді тар­туға байланысты мәселелер үнемі тал­қы­ланады. Біз бұдан әрбір азаматтың және әрбір ұйымның қойылған міндет­терді іске асырудағы стратегиялық жауап­кершілігін көріп отырмыз.

«Ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, әсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Жастарымыз бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал» деген сөзі этностар арасында қызу талқыланып, түрлі ұсыныстарын жеткізуде.

Әсіресе қазақ тілін еркін меңгерген этнос жастарының белсенділігіне қарай отырып, Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамб­леясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі баршаны бірікті­ретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс» деген сөзінің іске аса бастағанын көріп жүрміз.

Сондықтан бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы этностық топтар арасында мемлекеттік тілдің нағыз насихаттаушысына және таратушысына айналды деуге негіз бар. Біздің этностардың тілдері мен мәдениетін дамытуға қолайлы жағдай жасау мақсатында Достық үйлерінде тіл курстары жұмыс істейді, әдістемелік кешендер әзірленді. Қазақ тілін меңгерудің жаңа әдістемелері бойынша тренингтер, тіл үйрену мектептері өткізіледі. Қазақ тілі арқылы қазақ менталдығын­дағы түрлі этностардың мәдениеті мен құндылықтар ауқымына бойлау жүріп жатыр. Мысалы, «Ұлы даланың ұлтара­лық тілі» және «Қазақтану» жобалары дәл осы міндетті шешуге бағытталған.

Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамб­леясы Хатшылығының бастама­сы бойынша мамандар тобы «Дана­лық әліп­песі» және «Абай» бірегей интерактивті кешендерін дайындады. Аталған әзірле­менің техникалық шешімінің негізінде ТМД кеңістігінде баламасы жоқ бірегей it-инновация қолданылды. Қазақ мәдени мұрасын (ертегілер мәтіндері, күйлер нота­лары, поэтикалық шығармалар және т.б.) кешенді қамтитын, сырт көзге әдет­тегі баспадан шығарылған кітаптар­дан еш айырмашылығы жоқ чипті матри­цалар қатары дайындалды. Оған маркер форматындағы арнайы оқу құ­рыл­ғысы қоса беріледі, ол мәтіндік чиптік кескін­мен жүргізген кезде жазылған мәтінді, музыкалық туындыларды дыбыстайды.

Интерактивті кешенді пайдалану тіпті мектеп жасына дейінгі балалар үшін де өте оңай. Оның қолданылу аясы кең және алуан түрлі: қазақ халқының әдебиет, поэзия, халық ауыз әдебиетін – өлеңдер, ертегілер, аңыздар, әпсаналар; музыкалық мұраларын – күйлер, әндер, арнау, айтыс сияқты рухани әлемін ел ішінде және шетелде насихаттау және зерделеу; барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінде (музыканы, мемлекеттік тілді үйрету, оның ішінде көру қабілеті нашар балаларды оқыту) пайдалану; ҚХА-ның «Қазақтану» жобасы аясында Қазақстан этностарын, сондай-ақ халықтың барлық топтары мен еңбек ұжымдарын қазақ халқының мәдениеті мен қазақы құндылықтарға тарту; мүгедектер мен көру қабілеті нашар адамдардың оқуына көмек көрсету.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Дана­лық әліппесі» кешенімен танысып, оның алғысөзінде: «Инновациялық техно­ло­гиялар негізінде жасалған «Дана­лық әліппесі» ой-өрісіңізді кеңейтеді. Халқымыздың құнды мұралары арқылы шешен сөйлеу қабілетіңізді ашып, сіздің баға жетпес рухани құралыңызға айналады» деп қалам тербеді.

Бүгінде Ассамблея бұл құралды елі­міз­дің мәдени және білім беру кеңісті­гіне белсенді түрде ілгерілетуде. Атап айтқанда, инновациялық технология­лар­ды пайдалану Президенттің «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматы­ның парызы мен міндеті» деген тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді.

Қашықтан оқыту формасы қалыптас­қалы қазақ тілінде білім алатын өзге этнос жастары және мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері өз алдына іздену үшін қазақ тіліндегі ресурстардың жеткіліксіздігін жиі айта бастады. Оқытушылар мен студенттер тарапынан интернет өнімдеріне тәуелділік артты. Қазақ тілінде білім алу үшін жақсы басылымдар жетіспейтіні, сапалы интернет-оқулықтардың қол жетімсіздігі белгілі болды. Алдағы уақытта осы олқылықтардың орнын толтыру үшін барлық ЖОО өз студенттерін толық қамтамасыз ету мақсатында электронды оқулықтар мен қажетті ақпараттар базасын жасақтауы тиіс деп есептеймін.

Мемлекет басшысы қазақ халқының бауырмал халық ретіндегі рөлін айрықша атап өткенін де айту маңызды, себебі қазақ хал­қы қиын-қыстау заманда ешкім­ді де шет­ке қақпай, құшағына басып, көмек­тесе білді. Қазақстан халқы Ассамб­леясы бар­шаға тең жағдай мен даму мүмкін­дік­терін жасай отырып, осы міндетті ойдағы­дай шешуге қомақты үлес қосуда. Ал хал­қы­мыздың мызғымас бірлігі – жарқын бо­лашаққа апаратын бірден-бір даңғыл жол.

Этносаралық келісімді сақтау міндеті де жаңаша қойылды, бұл – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың дербес жауапкершілігі.

Біз шоғырландырушы, біріктіруші фак­тор­ларды – ортақ құндылықтарды, идея­лар­ды көбейтіп, барлық азамат­тардың сана­сын­­да бекітуіміз керек. «Бүкіл қоғамды ұйыс­­ты­ратын құндылық­тар неғұрлым көп бол­са, бірлігіміз де соғұрлым бекем бола­ды», Президенттің бұл үндеуі біртұ­тас ұлт­қа – мықты әрі жауапты адамдар­дың ұл­ты­на, болашағы біртұтас ұлтқа бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік идеоло­гиясының басты арқауы ретінде патрио­тизм тақырыбын әр адамның өзі­нің елі мен халқына күнделікті қызмет етуі деп түсіндіреді. Адам тиісті білім мен тәрбие алған кезде өзінің азамат­тық болмысын қалыптастыра отырып, патриот болады. Әрбір азаматтың жеке мақсат­тары мен мүдделері қоғам игілігіне, елдің дамуына қосатын үлесіне сай болуы керек. Мемлекет басшысы патриотизмнің жасампаздық құдіретке ие екенін, ал тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы күнделікті қажырлы еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті саясатпен байланысты екеніне тоқталды.

Өзінің бағдарламалық мақаласының соңында Президент жаһандық әлемде қуат­ты және тәуелсіз мемлекетке арқа сү­йеуі арқылы ғана ұлтымыздың аман қала­ты­­нын атап өтті. Бұл – өзгермей­тін ақи­қат. Сондықтан Тәуелсіздіктің 30 жыл­ды­ғы жылында мемлекет пен қоғам­ның бас­ты ұраны, идеологиялық ұстанымы «Тә­уел­сіздік бәрінен қымбат» болуы тиіс.

Біздің ортақ міндетіміз – осы ұранды нақты экономикалық, әлеуметтік, ғылыми, ағартушылық және мәдени іс­тер­мен толықтыру және халықтың бір­лі­гін тәуелсіздігімізді сенімді қорғай ала­тындай жаңа деңгейге көтеру.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті

Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығы меңгерушісі

egemen.kz


Кейін қарай