Қазақстан халқы Ассамблеясы

05 Желтоқсан, 2017

769

«МЫҢ БАЛАҒА» қатысып қайтты

«Мың  бала» республикалық мәдени ағартушылық жобасының Алматы облысынан үздік шыққан өңірлік жеңімпаздары Астана қаласында ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» Республикалық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен  салтанатты марапаттау іс-шарасына  қатысып қайтты.  

Іс-шараның ашылу салтанатын Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай құттықтау сөзімен ашып, әр өңірден жиналған жеңімпаздарға Сауытбек Абдрахманов бастаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің  басшылық өкілдері  сый-сияпат ұсынып, ақ тілектерін арнады.   

Мақсаты этнос өкілдерінің балаларын қазақ тілін меңгеруге тарту, ынталандыру болып табылатын аталған жобаның қорытынды салтанатына   Алматы облысынан қатысып қайтқан  өңірлік жеңімпаздар да көпшілік алдында қазақ тілінде шебер  сөйлеп, өз өнерлерін көрсетті.

Олар: «Асыл сөз» мектебі шешендік өнерге баулу бағыты бойынша  Талдықорған қаласындағы №12 орта мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы  Руслана Хван; этнос топтарының балалары мен жастары арасында мемлекеттік тілді насихаттайтын бейне роликтер түсіру бағыты бойынша Талдықорған қаласындағы Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясының  11 сынып оқушысы Владимир Тен; Алаш Орданың 100 жылдығына арналған «Кемел елдің – кемеңгер қаламгерлері» шығармашылық байқауы бойынша Талдықорған қаласындағы Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясының  10 сынып оқушысы «Алаш жолы-азаттық жолы!» шығармасымен  Диана Щербакова, сондай-ақ, «Тіл мектебі»  қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламалары бағыты бойынша «Мен қазақша сөйлей аламын!» өзге ұлт өкілдеріне арналған тіл үйрену курсы жобасының авторы  Талдықорған қаласындағы Абай атындағы №1 орта мектеп-гимназиясының  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Алма  Досыкенова.

Әділет ДҮЙСЕНБИЕВ: ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық Келісім орталығы, «Мың бала» жобасының республикалық үйлестірушісі:

-2015 жылдан бері «Мың бала» жобасына жалпы саны 150 мыңнан астам этнос өкілдерінің балалары қатысты. Жобаның жеңімпаздары 4 бағыт бойынша анықталса, биыл 2017 жылы Алматы облысынан сол 4 бағыттан да толық жеңімпаздар шықты. Аталған жеңімпаздардың жолданған жұмыстары  мағыналы, байқау талаптарына сай. Бейнеролик түсіру бойынша Талдықорған қаласынан қатысқан өңірлік жеңімпаз Владимир Теннің республика бойынша мыңға жуық  ең көп дауыс жинағанын айырықша атап өтуіміз қажет.

Ақсұңқар АҚЫНБАБА, «Мың бала» жобасының  Алматы облыстық үйлестірушісі:

- Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бері облыстық ҚХА мен  «Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығы» білім басқармасы бірлесіп, 391 мекемеде (аралас және өзге тілді мекемелер, кітапхана, Достық үйлері, т.б.) жоба аясында жалпы саны 820 іс-шара ұйымдастырса, жобаға тартылған балалардың саны 17717, ал, жоба аясында қазақ тілін меңгерген балалардың саны 5090-ға жуықтады. Осы жобаның аясында «Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығында»   Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай этнос балалары мен жастарының арасында мемлекеттік тілде «Көркем тіл. Көркем сөз. Көркем  ой» атты облыстық конкурс ұйымдастырылып, онда 16 аудан, 3 қаладан келген қатысушылар бақ сынасқан болатын. Сондай-ақ, жаз айларында қалалық тіл бөлімімен бірлесіп,  лагерьлерде   «Біз қазақша сөйлейміз!»  тақырыбында арнайы апталық жариялап, «Кім жылдам?», «Жыл мезгілдері», «Бәйге», «Сөздің көркі - мәтел», «Полиглот»   сайыстарын  ұйымдастырдық.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағартушылық  жобасының 2017 жылғы қорытындысында   Алматы облысы республика бойынша үздік  көрсеткішке  қол жеткізді.

Дата события ассамблеи: 05.12.2017

Кейін қарай