Қазақстан халқы Ассамблеясы

10 Қыркүйек, 2021

566

Рашбиль Евдаев: «Қазақстанда төрт мыңға жуық еврей бақытты ғұмыр кешіп келеді»

Еврей этносы да басқа этникалық топтармен қатар Еуразия құрлығынан шыққан. Бүгінде бұл этнос өкілдері Жер шарындағы көптеген елдің аумағында тұрады. Қазақстанда шамамен төрт мыңға жуық еврей бар. «Алдағы ұлттық халық санағы бұл көрсеткішті барынша объективті түрде нақтылайды» - дейді «Солтүстік Қазақстан облыстық еврей этномәдени бірлестігі» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рашбиль Евдаев.


– Қазақстан аумағында еврейлердің алғашқы ұйымдастырылған қоныстары шамамен 1867 жылы пайда бола бастады. Бұл – Верныйда (қазіргі Алматы) қоныстанған Николаев сарбаздары мен олардың ұрпақтары. 1870 жылдардың аяғында қалада еврей қауымдастығы құрылды. 1884 жылы мамырда синагога (Синагога толық мәніндегі храм емес, онда садақа беруге, құрбандық шалуға рұқсат етілмейді. Негізінен ол қауым болып бас қосып, ғибадат жасайтын, қоғам мәселелерін шешетін үй) ашылды. ХХ ғасырдың басында Қазақстан аумағында өмір сүрген еврейлер арасында білікті мамандар - дәрігерлер, фармацевттер, өнеркәсіп және қолөнер кәсіпорындарының иелері көп болды. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде КСРО-ның түкпір-түкпірінен мыңдаған еврейлер еңбек лагерлеріне жер аударылды, – дейді Рашбиль Ильхананұлы.

Еврей этносы өкілдерінің едәуір бөлігі 1941-1945 жылдары Қазақстан аумағына көшірілген. Эвакуацияланғандардың арасында танымал киностудияда жұмыс істеген беделді кинорежиссерлер, операторлар болған.

– Қазақстан ауыр жылдарда үй-күйсіз, дүние-мүліксіз келген көптеген жандар үшін екінші үйіне айналды. Өз кезегінде эвакуацияланғандар Қазақстан жері мен қазақ халқына алғыс ретінде Қазақстан өнерінің дамуына үлес қосты. Мысалы, қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі, аса көрнекті кеңес композиторы – Евгений Брусиловский. Оның есімі Қазақстан тарихының бір бөлігіне айналды. Оның атында қазіргі уақытта Петропавл қаласының орталық көшесі бар, сол секілді Қазақстанның түкпір-түкпірінде де оның есімі берілген көшелер жеткілікті деп ойлаймын, – дейді «Солтүстік Қазақстан облыстық еврей этномәдени бірлестігі» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

1990-2000 жылдары көптеген еврей жақсы өмір іздеп басқа елдерге қоныс аударған. Дегенмен де, Қазақстанға төрткүл дүниенің бұрышынан біржола көшіп келген еврейлер де жеткілікті. Тек бұрынғы Одақ елдерінен ғана емес, АҚШ, Канада және Австралиядан да келіп қоныстана бастайды.

– Менің ойымша, бұл Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерінің бірі. Бүгінде еврей этносы өкілдерінің басым көпшілігі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тұрады. Көбісі Қазақстан астанасында әдемі синагоганы көрген шығар. Бұдан басқа, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Өскемен және Шымкентте шіркеулер бар. Қазіргі уақытта елімізде жұмыс жасап тұрған еврей этномәдени бірлестігінің ішіндегі ең ірісі Солтүстік Қазақстан облыстық еврей мәдени орталығы болып отыр, оның бірінші басшысы – Аравский Аркадий Донович. Бірлестіктің қалыптасуында Матрос Д.Ш., Кирельсон Ю. А., Ямпольский Б. А. және тағы басқа тұлғалар үлкен рөл атқарды. Бірлестіктің негізгі міндеттері еврей этносының мәдениетін, тарихын, дәстүрлерін, әдет-ғұрыптары мен тілін сақтау болып табылады. Олар бұл күндері де маңыздылығын жоғалтқан жоқ, – дейді ол.

Рашбиль Ильхананұлы басқаратын бірлестік 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тәуелсіздік жылдарында «Солтүстік Қазақстан облыстық еврей этномәдени бірлестігі» СҚО қоғамдық бірлестігінің белсенділері көптеген іс-шаралар өткізді.

– Біздің бірлестіктің қатысушылары пандемияға дейінгі кезеңде барлық облыстық және қалалық бұқаралық іс-шараларға қатысты. Жұма күнгі кездесулер дәстүрі болды, онда бірлестік белсенділері жаңалықтарды талқылап, болашаққа жоспар құрды. Біріктіру кезінде Қазақстан Республикасындағы көптеген шығармашылық сайыстарға қатысқан балалар вокалдық-хореографиялық тобы жұмыс істеді. Жас әртістер біздің облысты басқа өңірлерде лайықты көрсете білді. Қыз-келіншектер «Хозяюшка» үйірмесіне жиналып, аспаздық шеберліктерін жетілдіріп жүрді. Осыған байланысты Н.И. Михельсонға, Л. Фешинаға, Р.Родинаға, Н.В.Поляковаға және Р.Кутиковаға алғыс айтқым келеді. Біздің бірлестік республикалық бірлестікпен тығыз жұмыс жасап келеді. Мұнда «Хэсэд» қайырымдылық орталығы маңызды рөл атқарды. Облыс аудандарында тұратын біздің этнос өкілдерін қолдау тәжірибесі болды. Осы мақсатта бірлестік өкілдері республикалық бірлестік пен шетелдік қайырымдылық жасаушылардың қаражатына азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттарды сатып алуды жүргізді, – дейді Р.Евдаев.


Бірлестік тұрақты негізде тұрмысы төмен, мұқтаж жандарға, мүгедектерге, зейнеткерлерге, жетім балаларға көмек көрсетеді. Соколов интернат- үйі этномәдени бірлестіктің қарамағында. 2017 жылы көктемгі су тасқыны кезінде интернат қатты зардап шеккен болатын. «Солтүстік Қазақстан облыстық еврей этномәдени бірлестігі» облыстық қоғамдық бірлестігі ғимаратты және жақын маңдағы аумақты қалпына келтіру бойынша қолдау көрсетті. Бірлестік Қазақстан халқы Ассамблеясының «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясына белсенді қатысады.

– 2021 жылы біздің бірлестік Солтүстік Қазақстан облысының Достық үйінде Coworking-орталығын құруға қолдау көрсетті. Онда Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық этномәдени бірлестіктері бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету бойынша өздерінің күш-жігерін біріктіреді. Заманауи ақпараттық технологиялар арқылы ол өзге өңірлердегі әріптестерімен достықтың көпіріне айналады. Тәуелсіздік жылдары көптеген адамдарға өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік берді. Мен өзімді кәсіпкер ретінде таптым. Сонымен қатар мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі болдым. Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің әріптестері-жетекшілері және белсенділерімен кездескеніме қуаныштымын, – деп алғысын білдірді Рашбиль Илхананұлы.

1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жасаған еді. «Стратегиялық құжатта еліміздің дамуының өзекті мәселелері айтылған. Оның өркениетті диалог пен өзара құрмет мәдениетін дамыту қажеттілігі туралы ойы маған өте жақын. Біздің бірлестік Мемлекет басшысының сөздерін қолдайды» – дейді Р.Евдаев.

– Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – өзін тұлға ретінде таныту мүмкіндігі деп санаймын. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде маған барлық конституциялық құқықтар берілген, ал патриот ретінде өз міндеттерімді де ұмытпауым қажет. «Табысқа емес, ол берген құндылықтарға ұмтылыңыз» дейді Альберт Эйнштейн. «Солтүстік Қазақстан облыстық еврей этномәдени бірлестігінің» атынан барлық барлық қазақстандықтарды Отанымызды нығайтуға үлес қосуға, өзіміз үшін туған жерімізде тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау жөнінде шаралар қабылдауға шақырамын, – деп сөзін аяқтады «Солтүстік Қазақстан облыстық еврей этномәдени бірлестігі» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рашбиль Евдаев.


Кейін қарай