Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Желтоқсан, 2022

238

Таразда «Татулық және келісім» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Жуырда Жамбыл облысы әкімінің грантына өңіріміздің этномәдени бірлестіктері арасындағы «Татулық және келісім» байқауының қорытындысы шығарылды.

Конкурстық комиссия мүшелері әділ шешім шығару үшін өңірлік қоғамдық этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының бір жыл ішінде атқарған жұмыстарының есебін қарады. Нәтижесінде, байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталып, олар 2022 жылғы 29 желтоқсанда Тараз қаласында марапатталды.

Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, этномәдени бірлестіктердің, өңіріміздің ҚХА құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.

Салтанатты жиынның шымылдығы өңірлік Ассамблеяның 2022 жыл бойына атқарған жұмыстарын бейнелейтін бейнероликпен ашылып, алғы сөз Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевқа берілді:

«Біздің бірлігіміздің мызғымас негізі - тарихтың ортақтығы, мемлекеттік тіл, Қазақстан азаматтығы, тәуелсіздік пен егемендік, тарихи өзек – Қазақ халқының төңірегіне шоғырлану. Бұлар ешқашан мағынасын жоғалтпайтын құндылықтар. Алайда, бұған дамудың және мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде демократиясы жетілген мықты азаматтық қоғамның біріктіруші факторы айтарлықтай қосылады» - дей келе, - «Этномәдени бірлестік өкілдері мен төрағаларын бүгінгі жүлделерімен, және баршаларыңызды келе жатқан 2023 Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын! Азат аспанымыз әрқашан ашық, халқымыздың әл-ауқаты мықты, әр отбасы үшін келіп кірер жыл ырыс пен толайым табысқа толы жыл болсын!» – деп сөзін аяқтады.


Сондай-ақ, салтанатты шарада Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы А.Садубаев пен Қазақстан халқы өңірлік Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Ж.Аббосов та аймақтық ассамблея мүшелеріне жылы лебіздерін білдірді.

Шараның ең шарықтау шегі – марапаттау рәсіміне де кезек келді. Сахнаға байқау көшбасшылары бірінші болып шақырылды. Бірінші орындар мен тиесілі сертификаттарға «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығы, «Ахыска» Түріктер этномәдени орталығы, Немістер қоғамы, М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігі, «Радонеж» Орыс қауымдастығы, «Вынхуа» Дүнгендер этномәдени орталықтары ие болды.

Екінші орынға «Барбанг» күрділер қауымдастығы, «Архыз» қарашай-балқар қоғамдық бірлестігі, облыстық және қалалық Өзбек этномәдени мәдени орталықтары, Тәжік этномәдени бірлестіктері иеленді.

Үшінші орын иегерлері ретінде «Манас Ата» Қырғыздар, «Шиват Цион» Еврейлер, «Хазар» Әзірбайжандар, «Днепро» украин этномәдени орталықтарына да құрмет көрсетілді.

Бірқатар этномәдени бірлестіктер ынталандыру сертификаттарымен марапатталды. Олардың қатарында «Вайнах» шешен-ингуш, «Полонез» поляк тілі мен мәдениеті орталығы» ҚБ, Қытай этномәдени, «Айнұры» Татар-башқұрт мәдени орталықтары, Гректер қоғамы бар. ҚХА құрылымдарының жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Белсенді атқарған жұмыстары үшін облыстық ҚХА Аналар кеңесі және «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігіне арнайы сертификаттар табысталды.


Ендігі кезекте облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы және «Қоғамдық келісім» мекемесімен этномәдени бірлестіктермен қоса, өңірлік ассамблеяның медиация, журналистер клубы сияқты құрылымдарының да белсенділері атап өтіліп, марапатталды. Бұл марапатталушылар қатарына «Ахыска» түрік этномәдени орталығы төрағасының орынбасары И.Зуфаров, «Вынхуа» дүнгендер бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы И.Юнусов, Жамбыл аудандық «Барбанг» күрділер қауымдастығының мүшесі, біріккен қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары С.Асанов, Байзақ аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қ.Оралов, жеке кәсіпкер Л.Айдаров, «ҚХА халық шығармашылығы шеберлері» клубының өкілдері С.Хе мен Н.Мешкова, Тәжік этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы Г.Давлатова, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығы төрағасының орынбасары Н.Кенжебеков, Жамбыл облыстық ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Б.Тәжібаев, ҚХА Медиаторлар кеңесінің төрағасы И.Федорова, облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісі, журналист М.Құлыбаев және облыстық «Знамя Труда» газетінің фототілшісі Ю.Ким кірді.


Ішкі саясат басқармасына қарасты аймақтық Ассамблеяның бағалау, мадақтау құрметінен өзге де этномәдени бірлестіктердің басшылары, «Бейбітшілік пен келісім» спорттық эстафетасының қатысушылары, «Бүгінгі заман ертегісі» республикалық байқауының жүлдегерлері, шығармашылық ұжымдардың жетекшілері қалыс қалмады. Олардың барлығына да сыйлықтар табысталды.

Бірқатар қатысушылардың мемлекеттік марапатқа ие болғанын да айрықша атап өткен жөн. Мәселен, «Жомарт жан» ҚХА төсбелгісімен облысымыздың меценаты, Жуалы аудандық «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Л.Оздамиров, облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығының өкілі, жоғары санатты дәрігер Т.Аширов, облыстық Немістер қоғамының өкілі Д.Барсукова марапатталды. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың «Алғыс хатымен» Тараз қалалық Өзбек мәдени орталығы және облыстық «Радонеж» орыстар қауымдастығының басшылары А.Зайнутдинов пен В.Сорокин марапатталды.

Кеш соңында жиналған қауымға Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әртістері өнер көрсетті. Салтанатты жиын естелік фотосессиямен аяқталды.

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Кейін қарай