Қазақстан халқы Ассамблеясы

08 Қаңтар, 2023

251

Тілеуі жақсы Рождество

8 қаңтарда Тараз қаласының «Баласағұн» Орталық концерттік залында көрермендерді нағыз сиқырлы қысқы ертегіге баурап алған дәстүрлі мерекелік рождестволық концерт өтті

Ауқымды іс-шараны бірлестіктің төрағасы Владимир Сорокиннің жетекшілігімен Жамбыл облыстық «Радонеж» Орыс қауымдастығы ұйымдастырды.

Айта кету керек, биыл бұл қоғамдық бірлестік 30 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Көздің жауын алатын қызылды-жасылды, түрлі-түсті ұлттық жарасымды көйлектерін киген орыстың қыз-келіншектері қызықты әндері, түрлі қойылымдарымен сахнаның сәнін келтірді.

Дәстүр бойынша, іс-шараның басында «Құдай Анасының жамылғысы» шіркеуінің ғибадатханашысы Димитрий әке жиылған жұртты христиан мерекесімен құттықтап, қанағат, бірлік туралы уағызын айтып, сөз сөйледі.


Бұдан соң, көрермендерді Жамбыл облыстық орыс драма театрының үздік вокалистері мен бишілері, әртістері көз тұндырар тамаша өнерлерімен қуантты.

Сахнада өнер көрсетушілер арасында «Днепро» этномәдени бірлестігі сияқты т.б. көптеген қоғамдық бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен әртістері, сондай-ақ, халық шығармашылығымен айналысатын Қордай аудандық «Соседушки» фольклорлық ұжымы, «Наигрыш» орыс халық аспаптар оркестрі, қалалық орыс, украиндердің «Калинка», «Маричка» вокалдық топтары, «Веснушки» қасықшылар ансамбльдері өнер көрсетті.


Концерттік бағдарламада С.Рахманинов, И.Дунаевский сияқты композиторлардың шығармалары Виктор Зориннің (фортепиано), Санжар Серікбайдың (гитара) аспаптық орындауларында көрерменнің көзайымына айналды. Мерекелік кештің сән-салтанаты ерекше қойылымдар және өңірлік «Юг» әскери үрмелі оркестрінің дирижеры Нұрсұлтан Смағұловтың сүйемелдеуімен орындалған «Марш», «Славянканың қоштасуы» композициялары, П.Воротникова, А.Загребельнийдің поэтикалық шығармаларды оқуларымен толықтырылды.

Сонымен қатар, вокалистер Л.Новичкова, Б.Муминов, Д.Әбілеков және У.Сағынханов, Е.Шинкаренко, «Красная гвоздика» ардагерлер хоры, сондай-ақ, «Жас дәурен» үлгілі хореографиялық ансамблі және басқалар көрермендерді өз концерттік нөмірлерімен жалғастырды.


Көңілді кештің қатысушыларын осы тұспа-тұс келген атаулы даталар - 30 жылдық мерейтой және Рождество қос мерекесімен кеш қонақтары құттықтады. Кешке арнайы келген өңірлік ҚХА атынан «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы М.Қасымқызы орыс қауымдастығына құттықтау сөздерін арнап, «Орыс самаурынын» сыйлады. Құттықтаушылар қатарына облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Р.Магомадов, орыс қауымдастығының бұрынғы басшысы С.Чаутина да қосылып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Кештің соңғы аккорды Диляра Сорокинаның «Рождество түні» әнін орындауымен аяқталды.

Концерттік залға лық толған халық үйлеріне жақсы әсер, көтеріңкі көңіл-күй, әрі ризашылықпен тарқасты.

Кейін қарай