Қазақстан халқы Ассамблеясы

17 Ақпан, 2022

342

«Жаңа Қазақстандық патриотизм» семинары ұйымдастырылды

Бүгін Алматыда ZOOM-платформасының онлайн режимінде «Жаңа Қазақстандық патриотизм» атты семинар дәріс өтті.

Семинарға Қазақстан Жазушылар кітапханасының меңгерушісі Елена Ағайса, саяси ғылымдардың докторы Шәріпбек Әмірбеков, Алматы қаласы Достық үйінің жетекшісі Нұрсәуле Әльтекова және мәдениет қызметкерлері, сарапшылар, зиялы қауым өкілдері, студент жастар қатысты.

Шәріпбек Ағабайұлы жаңа Қазақстандық патриотизм туралы тоқталып және ұлттық құндылық, ұлттық сананың маңыздылығы жайлы кеңінен айтып өтті. Патриотизм отбасына, туып-өскен ортасына, топырағы мен табиғатына, еліне деген құрметтен бастау алады. Жалпы, патриотизмді ұлттың тілі, діні мен ділімен тығыз байланысып, астасып жатқан ұғым деп қарастырған дұрыс болар, - деді.

Кез келген елдің дамуы саналы азаматтар қатарының көбеюімен де байланысты. Келешекте ел тізгінін қолға алатын жастардың барынша білімді, жан-жақты, білікті болуы қаншалықты маңызды болса, олардың Отанына деген сүйіспеншілігінің мол болуы басты қажеттілік болса керек. Ұлтының патриоты болған адам ана тіліне бей-жай қарай алмайды. Ал өз тілінде де, өзге тілдерде де еркін сөйлейтін маман қай кезде де еліне пайда келтіре алатыны анық. Қазіргі тәуелсіздік жағдайында патриоттыққа баулу – айырықша маңызға ие мәселелердің бірі екенін атап өтті.

Сонымен қатар өзге мемлекеттердің біздің мемлекетпен салыстырғандағы мәдени өмірінің айырмашылықтары мен ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Қазақ халқының менталитетінің біздің қоғамға қалай әсер ететіндігі және оның салдары бар екендігін ашып айтты. Шетел тәжірибесіне сүйене отырып, олардың мәдениетінің айшық тұстарын көрсетті. Жалпы жастардың бойындағы патриоттық сезімін қалыптастыру жолындағы әлеуметтік институттардың рөліне тоқталды.

Семинар дәрісті Республикалық Достық үйінің жетекшісі Әльтекова Нұрсәуле Әбдіқадырқызы қорытындылап, қатысушыларға алғысын білдірді.

Кейін қарай