Қазақстан халқы Ассамблеясы

24 Ақпан, 2020

3431

Жансейіт Түймебаев: Ынтымақ үшін ымыра маңызды

– Жансейіт Қансейітұлы, Жамбыл облысындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясының құрамымен Қордай ауданында болып қайттыңыз. Ел ішіне барып білгеніңізді, көр­ген-түйгеніңізді өз аузыңыздан естісек...

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жергі­лікті халықпен бірқатар кездесу ұйымдастырылып, Қордай, Масанчи, Ауқатты, Сортөбе елді мекендерінің жағдайымен таныстық. Екі тарапты тыңдай келе, көпшіліктің ортақ пікірінен кейін тұрмыстық жанжалдың бірнеше себебі анықталды.

Біріншіден, дүнген этносының тығыз қоныстануы, соған арқа сүйеген кейбір өкілдерінің заң талаптарын белден басуы, әлеуметтік теңсіздік пен ұсақ-түйектен басталып, қалыпты жағдайға айналған әділетсіздіктер жоғары шегіне жеткен.

Екіншіден, жергілікті атқарушы және кейбір құқық қорғау органдарының тұрғындардың арыз-шағымына құлақ аспауы, тиісті заң талаптарының орындалмауы араздықтың басталуына негізгі себеп болып отыр.

Үшіншіден, арандатушылық әрекеттер мен үндеу ақпараттардың тарауы және отқа май құя түсушілер жағдайды тіпті ушықтырып жіберді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев туындаған жағдайдың себептерін мұқият зерттеп, кінәлілерді заң талаптарына сәйкес жазалауды тапсыра отырып: «Егер біз көпұлтты халқымызды біріктіріп, тұрақтылықты қамтамасыз ете алмасақ, бүгінде елімізге шетелдік инвестиция келмей, экономика тұралап қалушы еді. Әрине мемлекеттік қызметкерлерге де тиісті міндеттер жүктелген, бірақ бейбітшілік пен келісімді сақтау, ең алдымен, біздің халқымыздың міндеті», деп атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің салғырттығы салдарынан арандатушылар қантөгіс жасады. Олар жазаланады», деп кінәлілер анықталғаннан кейін ұлтына қарамай тегіс жауапқа тартылатынын жеткізді. Қазір тергеу жүргізілуде.

– Еліміздегі барлық этносты бір мақсатқа жұмылдырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан тұрақтылықты қалпына келтіру үшін қандай қадамдар жасалды?

– Ең алдымен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» парадигмасы осы жолы өзінің оң нәтижесін көрсетті. Мемлекет басшысы хабар жетісімен мәселені реттеу бойынша Қауіпсіздік кеңесі мен Үкіметті бірден іске қосты. Арнайы комиссия құрып, сол күні Қордай ауданына аттандырды.

Сол уақыттағы Премьер-Министрдің орынбасары, қазіргі Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев төрағалық еткен Үкімет комиссиясының құрамында Парламент Мәжілісінің депутаты Ш.Хахазов және «Дүнген қазақстандық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Воинце жұмыс істеді. Еліміздегі барлық Достық үйлерінде этномәдени бірлестіктердің белсенділерімен кездесулер ұйымдастырылды. Масанчи, Ауқатты, Сортөбе, Бұлар батыр, Бәйтерек, Қарасу, Қаракемер ауылдарындағы қазақтар мен дүнгендердің қатысуымен Ақсақалдар кеңесі құрылып, ҚХА ғылыми-сарапшылық топтары жағдайды тереңінен зерделеу мақсатында Қордай ауданына жіберілді. Оқиға салдарынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мақсатында этномәдени бірлестіктердің «Жақыныңмен бірге бол!» республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен өңірлердегі ҚХА хатшылықтарына және жергілікті әкімдіктерге қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын күшейту жөнінде міндеттер жүктелді.

– Қазақстан Президенті Twitter парақшасында «Бейбітшілік пен келісім – біздің басты байлығымыз, оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ!» деп жазды. Қазақстан халқы Ассамблеясы өз мәлімдемесінде «Қылмыс ұлтқа бөлінбейді» деген пікірді қолдайтынын білдірді. Екі халықтың ауылы аралас, қойы қоралас болып кетпеуінің түпкі себептері неде?

– Этнос өкілдері тығыз орналасқан барлық аймақтағы мәселелерді шешу үшін тез арада жүзеге асып, нәтижесін беретін арнайы бағдарлама қабылдануы керек. Өйткені жинақы қоныстанған ауылдардағы өзге ұлт өкілдерінің біздің қоғамға кірігіп, бірігіп кетуі үшін көптеген кедергі кездеседі. Олар көп жағдайда өз ана тілдерінде білім алады, бұл әр ұлттың өз салт-дәстүрін сақтап, төл тарихын білуге жақсы болғанымен, таяқтың екінші ұшы бар. Мектеп бітірген этнос жастары көп жағдайда Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсе алмайды, сол ауылдарда қалып, жұмыссыздар қатарын толықтырады. Болмаса, егістіктерде күні-түні бел жазбай еңбек етіп, сауда жасайды. Шамалары келгендері жеке кәсіп игеруге кіріседі. Шаруасын дөңгелеткендерге жалданатын тұрмысы төмен қазақтың қыз-жігіттері. Осыдан кейін олар өздерін – зор санап, қаракөздер өз жерінде өзін қор тұта бастайды. Әлеуметтік қайшылықтар бірте-бірте дау-дамайға, астамсуға алып келеді. Осыған дейінгі тұрмыстық төбелестердің барлығы осындай теңсіздіктерден, кедейшіліктен, жұмыссыздықтан туындағанын көреміз.

Дүнген этносының да тұрмыс-тіршілігі осыған саяды. Мемлекеттік тілді меңгермегеннен кейін қоғамнан оқшауланып, томаға-тұйық күн кешеді. Қыздарын жастай тұрмысқа беріп, ұлдарын ертерек аяқтандырады. Әскерге барып, азаматтық борышын өтейтіндер саны көп емес.

Халықпен кездесу барысында жағдайын жақсартып, бизнесін жолға қойғандар жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдарымен тіл табысып, кез келген мәселені тамыр-таныстықпен шешетіні айтылды. Емханада да, мейрамханада да, сауда орындарында да қарапайым халыққа жоғарыдан қарап, заңды белшеден басу етек жайған. Бұл, әрине қазақ ауылдарының ашу-ызасын тудырады, наразылығын оятады, намысына тиеді. Қазақ азаматтары арасындағы жұмыссыздық, тиісті орындарға сөзін өткізе алмауы, дер кезінде тиісті қолдаудың болмауы – қайшылықты күшейте түседі. Құқық қорғау органдары осындай келеңсіздіктермен күресіп, дер кезінде жауапқа тартып, тәртіпке шақырып отырса, жағдай осыншалық деңгейге жетпес еді.

Дегенмен, қандай түсінбеушілік, әділетсіздік орын алсын, оны реттейтін бізде ең алдымен заң бар. «Тәртіпке бағыyған құл болмайды» дейді Бауыржан Момышұлы. Тәртіп бар жерде, тәрбие бар. Біреуге жұдырық ала жүгіріп, үйін тонап, көлігін қиратып, ауылды өртеп, астан-кестеңін шығарғаннан мәселе шешілмейді. Тәртіпке бағынбай, заңды аттап өтудің ақыры осындай өкінішке әкеліп тірейтіні белгілі.

Тәуелсіз ел атанып, егемендікке қол жеткізгенімізге 30 жылға таяп қалды. Осы уақыт ішінде мемлекеттік, елдік мәселелер шешімін тапты, әлемге танылдық. Толеранттылық танытып, елімізді ұлтаралық келісім мен бірліктің мекеніне айналдырдық. Әлі де түйіні тарқатылмаған әлеуметтік мәселелерді бейбіт жолмен, қантөгіссіз, ауызбіршілікте бірге шешуіміз қажет. Өзара түсіністік, сыйластық, бір-бірімізді құрметтей білу ғана бізді өркениетке жетелейді.

ТМД елдерімен салыстырғанда Қазақстандағы этностық топтар арасында мемлекетке таласу, жерді басып алу, саяси билікке ұмтылу деген сияқты ұлтаралық қақтығыстар тіркелген емес.

Дүнген этносы елімізге тұрақтаған 142 жыл ішінде территориялық тартысқа түсіп, мемлекеттің ыдырауына қауіп төндірмеді. Сондықтан тұрмыстық жанжалдар мен бұзақылық әрекеттерге «ұлтаралық қақтығыс» деп баға беріп, өшпенділікті өршітуге болмайды.

Тепсе темір үзетін жастағы азаматтар­дың өмірін қиып, ешкім жеңіске жеткен жоқ, екі жақ бірдей зардап шекті. Оннан аса шаңырақ ортасына түсті, әйел жесір, бала жетім қалды. Осыдан кім ұтты, кім ұтылды, бағамдап көрейік.

Аталарымыз тағдыр талайымен жері­мізге келген барлық ұлтқа кеңпейіл, жомарт көңілін көрсетті. Ұлы Абай­дың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ұлағатты сөзін ұлттық қағи­дат­қа айналдырды. Біз де осы жолдан айнып, мұсыл­маншылықтан кетіп, адамгер­шіліктен аттамауымыз қажет.

Өз кезегінде құшағын ашып, бауырына басқан қазақ халқына алғыс ретінде тілін үйреніп, үлкенін сыйлап, кішісін құрметтеп жүрудің де еш қиындығы жоқ.

Елбасымыз: «Ауызбіршілік жоқ жерде ешқашан да ұлттық идеялар жүзеге асқан емес, жаулықтың ең үлкені, ең қиыны – ынтымақ үшін ымыраға бара алмау», дейді. Алдағы күнімізді, жарқын болашағымызды ойласақ, сабырға жүгініп, ынтымақ үшін ымыраға келу керек.

– Әлеуметтік желіде пікір білдіру­шілердің басым бөлігі «Қазақстанда қоныс тепкен дүнген этносының мемлекетке тигізіп жатқан нақты пайдасы жоқ» деп жазды...

– Әлеуметтік желі қолданушыларының бірқатары, кейбір зиялы қауым өкілдері мен танымал сарапшылар, БАҚ өкіл­дерінің өзі жағдайға жіті баға бере алмады. Олардың дені «бұл ұлтаралық қақты­ғыс» деген сарыннан әрі аспады. Тіпті «дүнгендерді шекара асырып қуып тастау керек, Ассамблеяны тарату керек, қазаққа қарсы жұмыс істеп отыр» дегендер де табылды. Мәселенің мәніне тереңінен үңіліп, астарын айқындауға тырыспады. Біржақты қаралаудан тұратын айыптаулар ақиқатқа жеткізбейтіні анық.

Жекелеген адамдардың бұзақылық әрекеттер үшін тұтас бір ұлт пен Ассам­б­лея­ның еңбегін тарихымыздан сызып тастай алмаймыз. Сол сияқты елімізде тұратын 70 мың дүнген халқының ел дамуына қосып жатқан азды-көпті үлесін мүлде жоққа шығарып, бұра тартуға бол­майды. Ассамблея тарапынан жыл сайын ұйымдастырылатын шараларға тай­лы-тұяғымен белсене қатысады. Арыс оқи­ғасында да шет қалған жоқ. Былтырғы жылы апаттан зардап шеккендерге жіберу үшін Сортөбе ауылындағы дүнген этносы­нан 30 миллион теңге көлемінде қар­жы жиналды. Бұдан бөлек, көп балалы отбасы­ларға үйлер салып, өз күштерімен 4 бұрғы қазып, ауызсу құбырларын орнатты. Игі­лігін 1000 отбасы көріп отыр.

Оларға мемлекеттік тілді үйрететін 5 дүнген тобы жұмыс істейді. Масанчи ауылында қазақ халқына алғыс ретінде ескерткіш орнатылған.

– Қазақстанның Тұңғыш Прези­дентінің Төрағалығымен өткен Қауіпсіз­дік Кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұндай жағ­дай­ларды ушықтырмай, тұрақтылықты күшейтуді тиісті құрылымдарға және Қазақстан халқы Ассамблеясына тапсыра отырып, алайда «Ассамблеяның өкілетті құқығы жоқ» екенін айтты. ҚХА құзыреті немен шектеледі?

– Тәуелсіздік жылдарында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету бойынша саяси-құқықтық, институционалды-басқару жүйесі қалыптасты, этносаралық қарым-қатынастар саласы бойынша нормативті-құқықтық негіз жасақталды. Мемлекеттік басқару құрылымында этносаралық келісім мәселелерімен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, әлеуметтік саладағы министрліктер мен аймақтық әкімдіктер айналысады.

1995 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Асс­амблеясы Президент Әкімшілігі жа­нын­дағы кеңесші орган ретінде қоғам­дағы келісім мен татулықты сақтауды қамта­ма­сыз ету бойынша мемлекеттік орган­дарға нақты ұсыныстарын жасап, этнос­ара­лық қатынастарды реттеуге атсалысады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына көз жіберсек, қазақ халқының саны елу пайыздан да төмен болды, халықтың бір бөлігі тарихи отандарына қайтты. Сол уақытта мыңға жуық этномәдени бірлестіктердің күш-жігерін біріктіріп, жұмысын үйлестіру үшін Ассамблея құру идеясы туындады. 25 жыл ішінде Ассамблея этностарды мәдени алмасулар шеңберінде біріктірді, түрлі мәдени-ағартушылық, танымдық шаралар арқылы халықтар достығын дәріптеп, негізгі міндетін атқарды. Бірде-бір этнос оқшаулану стратегиясын таңдап, саяси талаппен шыққан емес. Барлығы да ортақ Отанымыз – Қазақстан, ортақ мақсат, бір мемлекетке қызмет етеміз деп келеді. Қазіргі күні демографиялық ахуал өзгерді, қазақтың саны 70 пайызды құрап отыр.

Осы тұста Елбасының «Тарихымыз бізді көпұлтты ел ретінде қалыптастырды. Бұл біздің кемшілігіміз емес, керісінше бізді томаға-тұйықтықтан сақтап тұратын фактор. Солай болғандықтан, біз барлық қазақстандықтарды біріктіретін ортақ ұғымның төңірегінде топтасуымыз керек. Қазақстан халықтары Ассамблеясын Қазақ­стан халқы Асссамблеясы деп өзгерт­кенімізді қоғам түсіністікпен қабыл­дап отыр ғой. Бізде халық біреу – Қазақ­стан халқы. Түптеп келгенде, біз осы идео­ло­гиялық қадамның қазақтың ұлт ретін­де әрі қарай нығаюына, этностық топтар өкілдерінің жай ғана қазақстандық тұрғын емес, ділі мен дүниетанымының қазақ­стан­дық рухта қалыптасуына барынша ық­пал ету жағын басты нысана етіп алуы­мыз керек. Бұл жолда қазақ халқының алдына өзге этностарға өзінің рухани құнды­лық­­тарын сіңіре отырып, тұтастай елдікті қалып­тастыруға қатысты тарихи рөл жүк­тел­мек» деген сөзін назарға алғым келеді.

Ендеше, мемлекеттің тұтастығы мен қоғамның бірлігін сақтау, ұлттық идеологияны қалыптастыру Ассамблеяның ғана емес – Қазақстанды мекен еткен барлық азаматтың қасиетті борышы болуы тиіс.

– Еліміздегі қоғамдық бірлік пен этносаралық татулықты сақтау үшін алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктер қайталанбасын десек, ендігі жерде қандай тұжырым жасалуы тиіс?

– Ең алдымен этнос өкілдері тығыз орналасқан аймақтардағы ахуал жыл он екі ай қатаң бақылауда ұсталып, жанжалдардың туындау себептеріне дер кезінде назар аударылып, тиісті орындар шешім қабылдап отыруы қажет.

Шекарамен байланысып жатқан аймақтарға арнайы талдау топтарын жиі жіберіп, жағдайды зерттеп отыруы да маңызды деп есептеймін.

Сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрі өкілетті органдармен бірлесіп, этностар тығыз қоныстанған аумақтардың «қауіптілік картасын» жасауды көп ұзатпай қолға алғаны тиімді болмақ. Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығымен және ғылыми-сарапшылық кеңесімен де тығыз әріптестік байланыс орнатып, этнос­аралық қарым-қатынас саласындағы бірың­ғай әлеуметтік және этномониторинг жүйе­сін қалыптастыру да күн тәртібінде талқы­ланатын уақыт келді.

Қордайдағы оқиға жергілікті әкімдік пен құқық қорғау органдарының төтенше жағ­­дайда жедел әрекет етуге дайын емес­ті­­гін көрсетті. Сол себептен шиеленісті жағ­­­дай қаупі туындағанда орталық және жер­­­гілікті атқарушы билік өкілдерінің іс-қи­­­мыл алгоритмі мен кешенді жоспарын бекі­­ту қажеттігі туындап отыр. Біз өз та­ра­­пы­­мыздан этностар шоғырланған ша­ғын жер­­­лерде құқық қорғау органдары мен мем­­ле­кеттік қызметкерлер үшін оқыту семи­­нар­­­ларын ұйымдастыруға баса назар аудар­мақпыз.

– Жамбылдағы жағдайдан кейін эт­нос­­­тар­дың интеграциясы қызу тал­қы­лан­­ды. Қайтсек бір-бірімізге құрмет­пен қа­рап, татулығымызды нығайта түсеміз?

– Ең алдымен, мемлекеттілік идеясын белсенді түрде насихаттау керек. Бос даң­ғойлық, популизм мен әсіреұлтшылдық және жалған патриотизмнің қауіп-қатерін түсіндіріп отыру артық етпейді. Зиялы қауым өкілдерін мемлекеттің қоғамдағы тұрақ­­тылық пен келісім саясатын жұртшы­лыққа түсіндіруге жұмылдыру қажет.

Бұған қоса, қазаққа бәрі дұшпан, бәрі қас, «өзге ұлттардан қауіп төніп тұр» дей­тін популистік көзқараспен күресу керек.

Жалғыз біздің еліміз ғана емес, Ресей, Болгария, Батыс Еуропада да тығыз қоныс­танған этностар бар. Оларда да осындай бұзақылық әрекеттер бой көрсетіп отырады. 2005 жылы Ресейде – Кондопога оқиға­сы, 2007 жылы арабтар бүлігі орын алды, 2016 жылы Франциядан сығандар қуылып, Болгария мен Румынияға қашып келді.

Дәл осындай жағдайлардың туындауына не түрткі болатынын дәл бол­жап айту қиын. Дегенмен ресми мәлі­мет­терге сүйе­нетін болсақ, олардың дені кәмелетке тол­маған балаға, әйелге жасал­ған зорлық-зомбылық, адам өлтіру сияқты қылмыстық әрекеттерге қарсылық ретінде басталып, қоғамдық дүмпуге ұласады.

Қазақстан бойынша Түркістан облысында тәжіктер, Жамбыл облысында дүнген мен күрдтер, Алматы облысында ұйғыр, күрд және түрік месхедтері, Алма­ты қаласының «Заря Восток» шағын ауданында дүнген мен күрдтер тығыз орна­ла­сқан. Түрлі этнос өкілдері тығыз тұрып жатқан аумақтардың әлеуметтік, эконо­микалық мәселелерін шешуге Ассам­­блеяның құзыреті жетпейді, бұл әлеу­мет­тік-экономикалық салалар мен білімге, мәде­ниетке жауапты мемлекеттік органдармен бірлесе атқарылатын жан-жақты, кешенді жұмыс.

– Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өт­кен аптада сізді қабылдап, Жамбыл об­лы­­сын­дағы дүнген қауымының жер­­гілікті қазақ қауымдастығымен араласуы­на, қазақ тілін үйренуіне мән беруді тапсырды...

– Достық үйлерінде қазақ тілін үйрету бойынша курстар ашу, этностарға арналған тіл үйрету әдістемесін жасақтау туралы ұсыныстарымызды тиісті орындарға жеткізетін боламыз.

Ассамблея өз жұмысында қазақ қоға­мы­­ның ерекшеліктерін үнемі ескеріп ке­леді. Яғни мемлекеттің иесі – қазақ екен­­ін, барлық этностар қазақ ұлтының төңі­ре­­гінде топтасатынын, мемлекеттік тіл­дің – қазақ тілі екенін естен шығарған емес, осы бағыттағы жұмысын жалғастыра бе­реді. Осы мақсатта жұмыс істейтін «Қазақ­тану» бағдарламасы бар. Өзге ұлт өкіл­­дері қазақтың салт-дәстүрін, тілі мен тари­­хын, мәдениеті мен әдебиетін, тұр­мыс-жағ­дайын үйретуге арналған. Соны­мен қатар өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үй­ре­­туге бағытталған «Мәміле», «Мың бала» бағ­­дар­ламасы жұмыс істейді. Өзге этнос өкіл­дері арасында жылына бір рет қазақ тілін қаншалықты меңгергенін тексе­ру үшін жалпыхалықтық диктант ұйымдастырылады.

Өткен жылдың желтоқсан айында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері арасында «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумы қолға алынды. Түрлі ұлт өкілдері қатысқан республикалық деңгейдегі шара тек қана қазақ тілінде өтті. Қазақ тілінде өз ойларын ортаға салып, өзекті мәселелер көтерді. Абайдың өлеңдерін оқып, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» челленджін жариялады. Орыс, украин, неміс, поляк, дүнген, корей ұлты өкілдерінің мемлекеттік тілдегі әңгімелерін тыңдай отырып, ниет болса, тіл үйренуге ешқандай кедергі жоқ екеніне көз жеткіздік.

Тіл форумы Алматы, Тараз, Шымкент қалаларында жалғасын тапты, әрі қарай барлық аймақта қолға алынатын болады.

Түрлі халықтардың басын қосып, ын­ты­маққа үндейтін рухани шаралардың елді етене араластыруға, біріктіруге тигізер пай­­дасы көп. Түрлі ұлт өкілдері былтырғы Арыс оқиғасында жұдырықтай жұмылып, нағыз бауыр­малдылықтың үлгісін көрсетті. Екі күн ішінде 51 млн теңге жинап, зардап шек­кен­дерге алғашқылардың бірі болып қол­ұшын созды. Жалпы, осы оқиға кезінде этнос өкілдері 156 млн қаражат аударып, 200 тон­наға жуық гуманитарлық көмек жө­­­нелт­­ті. «Мектепке жол» республикалық ак­­­ция­сы аясында аз қамтылған және көп ба­ла­­­лы отбасынан шыққан, сондай-ақ ата-ана қам­­­қор­­лығынан айырылған 46 мың оқу­­­­­­шы­ға 514 миллионнан аса теңгенің кө­ме­­­­гін көр­сетті. Жалпы, Ассамблея өт­кен жы­­­л­ы мың­ға жуық қайырымдылық шара ұйым­­­­дас­­тырды, қайырымдылықтан түскен жал­­­пы қа­ра­жат мөлшері 4,5 млрд теңгені құрады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Халқымыздың басына түскен қандай да бір сынаққа қара­­мастан, біз тәуелсіздігімізді нығай­ту жо­лын­дағы жасампаз істерімізді жалғас­тыра бермекпіз. Барша қазақстандықтың жұмған жұдырықтай бірлігінің арқасында біз алмайтын асу, біз жеңбейтін кедергі болмайды» деген сөзі бар.

Ассамблеяның этно-мәдени бірлестіктері, Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Журналистер клубы, Жастар ұйымдары, Медиация кеңесінің қызметі үшін арнайы қаражат бөлінбейді. Құрылымдардың барлығы қоғамдық негізде ортақ Отанымызға деген шексіз патриоттық сезіммен жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.

Бұл ширек ғасырдағы Ассамблеяның жүргізген тиімді саясатының нәтижесі. Олар осы уақытқа дейін елді біртұтастыққа шақырудан жаңылған емес, әрі қарай да осы бағытта өз міндетін атқара береді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Материалды дайындаған

ҚХА баспасөз қызметі

Кейін қарай