Қазақстан халқы Ассамблеясы

19 Қараша, 2021

410

Қарағандыда «Ақ желкен» өнер фестивалінің жеңімпаздары марапатталды

Қарағанды қаласының Достық үйінде облыстық арнайы мектеп-интернаттардың балалары мен жасөспірімдері, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері және көп балалы отбасы балаларының арасында ХІІ облыстық «Ақ желкен» өнер фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті.

Дәстүрлі түрде 12-ші рет өткізіліп отырған шараның ұйымдастырушысы – Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының Қоғамдық келісім КММ.

Мақсаты - даму мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жасөспірімдерінің арнайы мектеп-интернаттарының және балалар үйлері тәрбиеленушілерінің шығармашылық қабілеттерін, көркем мәдениетін, қазақстандық патриотизмін дамыту.


217 үміткер қатысқан байқау «Вокал», «Хореография», «Театр өнері», «Сөйлеу жанры», «Сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері» және «Аспаптық жанр» номинацияларынан тұрды.

Музыка, сурет, театр және би саласының майталмандары қазылық еткен сайысқа ең көп өтінім «Сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері» номинациясы бойынша түскен.

Нәтижесінде Артем Герлиц, Айжан Асанова, Адина Тәңірбергенова, Камила Саржанова және Ақниет Қомар әр номинацияда бас жүлде иеленсе, қалған қатысушылар ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Арнайы сыйлықтардан ешкім тыс қалмады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар ең үздіктердің қатарына қосылып, жетістікке ұмтылуымен таңқалдыруда. Осындай шаралар бәріміз үшін, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін тең қоғам құра алатынымызды дәлелдейді.

Кейін қарай