Қазақстан халқы Ассамблеясы

29 Қазан, 2021

349

Қарағандыда «Бұқарекең жырлайды» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Қарағанды қаласының Достық үйінде Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының және «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің қолдауымен Бұқар жырау Қалқаманұлының шығармашылығына арналған «Бұхарекең жырлайды» байқауы өтті.

Мақсаты - Бұқар жырау шығармаларын орындайтын ерекше таланттарды анықтап, қолдау көрсету, жырау шығармаларына жас ұрпақтың қызығушылығын арттыру. Сондай-ақ, қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, құндылықтарын насихаттауға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы негізінде этностарды, ҚХА құрылымдарын, өнерпаздарды, жастарды, оқушыларды топтастырып, ел бірлігі мен сөз шындығын ту еткен әйгілі жырау, ойшыл дана, «Көмекей әулие» атанған көреген қайраткер Бұқар жырау Қалқаманұлының мұрасын дәріптеу және қазақ халқының жыршы-жыраулық дәстүрін жаңғырту.


Ұлтқа бөлінбей, татулықты ту етіп, өнерлерін ортаға салмаққа келген сайыскерлердің мақсаты біреу – ол Бұқар баба жырларын төгілте оқып, насихаттау. Байқауға аймағымыздың аудан, қалаларынан үміткерлер келді. Қазылар алқасы бағалау кезінде сахна мәдениетіне, сонымен қатар оқу мен орындау мәнеріне және қатысушы жатқа білетін шығармалар санына назар аударды.

Жыл сайын қатысушылар саны көбейіп келе жатқан байқаудың жеңімпаздары әр номинацияда 1 орын иеленген «Бұқар жырау оқулары» Маралжан Мәдинеш, «Әлемді түгел көрсе де» Милана Мених, «Жыршы-жырау» Ұланғасыр Қамиев, «Бұқар жырауша» Бекарыс Оспанов болды.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп өзі айтып кеткендей, Бұқар баба жырлары мәңгілік. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, ілкімді жобаларды іске асыру – басты назарда. Аталмыш шаралар осының жарқын көрінісі.


Кейін қарай