Қазақстан халқы Ассамблеясы

18 Сәуір, 2020

1703

Фахриддин Қаратаев: Өмірде жетістіктерге қол жеткізуімде Елбасының рөлі орасан

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Фахриддин Әбдінәбиұлы Қаратаев Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты, қызмет жолындағы Тұңғыш Президентпен болған кездесулері туралы естеліктерімен бөлісті.


Ежелден ата-бабаларымыздың арманы болған егемендікке жету мен Тәуелсіз Қазақстанымыздың отыз жылға жуық даму жолында Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алар орны орасан.

Мұны заманның өзі дәлелдеді. Көптеген алпауыт мемлекеттер Қазақстанды мойындады. Ең бастысы Ұлт көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлының өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге болуда.

Елбасының қанағаттандыра алатын, адамға шабыт беретін қасиетін алғаш рет 2001 жылда орын алған кездесуде анық сезіндім. Қаңтардың 29-жұлдызы еді. Дәл кешегідей есімде. Облыстық делегация құрамында қатысқан жиында ол кісі мені «Алтын Барыс» омырау белгісімен марапаттап, елдің жағдайын сұрап, халық игілігі үшін аянбай еңбек етуге шақырып, жұмысты мықтап қолға алуды тапсырды.

Келесі кездесу араға екі жыл салып, 2003 жылы Нұрсұлтан Әбішұлының Оңтүстік Қазақстан облысы активімен кездесуі кезінде орын алды. Залда отырған ауыл әкімдері атынан маған сөз берілді. Сол кезде ауыл-округі әкімдерінің мәртебесі туралы мәселе көтерген едім. Ауыл әкімдерінің «Әкім» аты болғанымен жұмысты сапалы жүргізу үшін ешқандай мүмкіндік жоқтығын, қызметтік автокөліктермен қамтылмағанын, ауылды көркейтуге жұмсайтын қаражат көздері жоқтығын айттым. Нұрсұлтан аға күлімдеп, облыс басшысына ұсынысты басшылыққа алуды тапсырған еді. Осы мәселенің республика көлемінде қолға алынатыны жөнінде уәде берді.


Бір қызығы, ауылды көркейту, жергілікті әкімдерге қаражат көздерін беру туралы заң жобасын алғаш рет қабылдау процесіне өзім қатыстым. Сол заңның талаптарына сай бүгінгі таңда ауыл округі әкімдіктерінің бюджеті қалыптасты. Салық түсімдерінің нәтижесінде жергілікті инфрақұрылымды жақсарту мүмкін болып отыр. Осылайша, Нұрсұлтан Әбішұлы тарапынан көтерілген бастамалардың жүзеге асқанына куә болдым. Жылдар өтсе де айтылған мәселелер жүзеге асты. Елбасы уәдесінің үдесінен шықты.

Тағы да еске түсетін жәйт «Нұр Отан» партиясындағы қызметім барысында Нұрсұлтан Әбішұлымен кезекті рет кездесудің сәті түсті. Елордада Тәуелсіздік сарайында кездескенде ол кісінің мені ұмытпағанын естіп бір сәтке таң қалғаным да бар. Қазір қай жерде жұмыс істейтінімді сұрап, елге сәлем жолдады.


Өмірде жетістіктерге қол жеткізуімде Елбасының рөлі орасан. Әр кездесуден кейін жаңаша қайратпен жұмысқа кірісіп, көптеген биіктерді бағындырдым. Мен қай салада қызмет атқарсам да, Елбасының Үндеулері әрқашанда мені шабыттандырып тұрады. Ең бастысы Отаныма, Еліме, Отандастарыма қызмет етудемін. Осындай Ұлт көшбасшысын халқымызға берген Алла Тағаланың үлкен сиы деп білемін. Бүгінгі таңда Парламент қабырғасында жүріп, сол жолымды жалғастырудамын.

Бүгінгі дүрбелең заманда, коронавирус пандемиясы бүкіл адамзатқа қауіп төндіріп тұрған кезде Нұрсұлтан Әбішұлы халқымен бірге екенін дәлелдеді. «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын жариялап, Қазақстан халқына Үндеу тастады. Қиындыққа тап болған отбасыларға әлеуметтік көмек берілуіне бастамашылық жасады. Бірге көтерген жүк жеңіл. Бірлесе отырып, бұл қиындықты да еңсеретінімізге сенемін.

Кейін қарай