Таныс болыңыздар: Әке көріп, оқ жонған майталман журналист, «Жыл адамы – 2018» атағының иегері Сәбит Ұлықпан

Қазақта «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер», «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген сияқты ұлағаты мен ұлылығы ұшан теңіз, мәні мен мағынасы терең даналық сөздер өте көп.

«Қазақстан РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық телеарнасы Жаңаөзен өкілдігінің тілші-редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі – Сәбит Ұлықпанға осы ұғымға сәйкес келетін сияқты. Себебі, оның әкесі Мұратбай Ұлықпан өзбек, қарақалпақ, қазақ тілдерін тел емген, үш тілде қатар сөйлеп, қатар жаза білетін, радио, телеарна, газеттерде көп жыл бойы еңбек етіп, журналистиканың ащысын да, тұщысын да қатар татып, сол саланың жілігін шағып, майын ішкен, көп жерге аты мәлім, танымал жан. 10-15 кітаптың авторы. 

Әрине, талабы мен талғамы, таланты мен таңдауы, қажыры мен қайраты, оқтай тілі мен оттай жүрегі, өміршең ділі мен ұлттық тілегі, ары мен намысы, шабысы мен табысы қатар өрбіген жанның ұлы бола тұра Сәбитке әке жолын қумау мүмкін емес. 

Әкенің сара жолының соқпағында жүріп, оқта-текте көрген тоқпағын да бүгіп, «оқ жонбауға» хақысы да, құқығы да жоқ. Сәбиттің өзінің айтуына қарағанда, үйінде түрлі әдеби кітаптар фонд болып үйіліп тұрады екен. Жоғарғы сыныптарға жетпей-ақ солардың ішінен қалағанын алып оқуды әдетке айналдырыпты. Қазақтың атақты жазушыларының әдеби шығармаларынан тыс Есмағанбет Ысмайлов, Серік Қирабаев, Дандай Ысқақов, Сұлтанғали Садырбаевтар мен қарақалпақ тілінде жазатын Сражаддин Ахметовтердің әдебиет теориясы, әдеби сын, стиль сыры, ауыз әдебиеті, яғни фольклор туралы еңбектерін қалдырмай оқыған көрінеді. Оқығанда соны көңілге тоқып, санаға сіңіріп алу үшін емес, алғашында жәй ғана қызығушылықпен оқыған. 

Мұратбай Ұлықпан тілші (1).JPG

- Бірақ солардың студент болған кезімде пайдасының көп тиетінін әрине, ол кезде білгенім жоқ, - дейді Сәбит өткен күндерін еске алып, – Сосын берегірек келгесін Темірбек Қожакеевтің «Сатиралық жанрлар» деген мұқабасы қып-қызыл кітабына көз жүгірттім. Кітаптың сырты қандай қызыл болса, іші де шоқтай жайнап, оттай лапылдап тұр екен. 

Бұл – кітапқа деген қызығушылықты, әдебиетке деген құмарлықты, журналистикаға деген түсінікті ұлғайтып, үдете түсті. Сол екпінмен Рамазан Сағынбековтің «Алматыдан сөйлеп тұрмыз», Намазалы Омашевтің «Толқындағы тотияйн» басқа да радиожурналистика туралы еңбектері мен Әзілхан Нұршайықовтың «Мен журналистпін», «Автопортрет» сияқты кітаптарын бір мезетте, ізді-ізінен оқып тастадым. Сондай-ақ Тауман Амандосов пен тағы бір автордың бірігіп аударған «Журналист анықтамалығы» деген қап-қалың кітабы болушы еді. 

Шын мәнінде осындай көлемді де, күрделі еңбектер оқыған сайын қиялыңды көкке өрлетіп, ішінде бейне өзің араласып жүретіндей сезілуші еді. Бірақ әлгіндей кітаптарды оқып отырғанымды көрген кейбір курстастарым «Әдеби шығарма емес, мыналарға қалай түсінесің? Миыңа бірдеңе кіре ме, әлде жәй ғана көз жүгіртіп отырсың ба?» деп қайран қалатын. 

Қарақалпақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек ететін журналист мамандардың қолы жеткендері, мүмкіндіктері барлары, оның үстіне өзбек тілін жақсы білетіндері ТашМУ-дың журналистика факультетінде оқып келгендер. Ал көпшілігі, әсіресе ересектері мен егделері Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институты мен Қарақалпақ мемлекеттік университетінің түлектері. Сол университетте соңғы жылдары журналистика бөлімі ашылған. Бірақ онда оқытушы мамандар жетіспейтін. Студенттерге сабақ беретіндер газет-журналдарда бұрыннан жұмыс істеп жүргендер. Егер сол мұғалімдердің ұлты қарақалпақ болса студенттер қарақалпақ тілінде, ұлты өзбек болса өзбек тілінде оқитын құсайды. Қазақтар қарақалпақ тілін жақсы сөйлегенімен, өзбектер сөйлей алмайды. 

Сөздің тазасы, олар қарақалпақша сөйлегісі келмейді. Сол үшін Мұратбай ағай оны қолайламапты. Ал Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогтік институтында филология факультеті бар. Факультетте қарақалпақ, өзбек және қазақ бөлімдері жұмыс істейді. Қазақ бөлімі бір топ болса да Қаржаубай Жұмажанов, Еркебай Мергенбаев, Гүрленбай Хамидуллаев сынды ғылыми дәрежелері бар, авторлық ғылыми еңбектері жарық көрген тәжірибелі ұстаздар сабақ беретін. 

Сондықтан Сәбит Ұлықпанның шөбі осы институттың филология факультетіне түсті. Бұл кездері Мұратбай ағай екі елдің арасында ары-бері қатынап жұмыс істеп жүрген болатын. Үш апта Жаңаөзендегі «Атамекен» телеарнасында жаңалықтар мен әртүрлі хабарлар дайындаса, үш апта ауылына барып, өзі бұрыннан еңбек ететін Ташкенттегі республикалық «Нұрлы жол» газетіне үйіп-төгіп материал жазып, үш аптаға арқайын жететін етіп, пошта арқылы редакциясына жөнелтіп, өзі Маңғыстауға қайтатын. 

Барлық арман, мақсаты - отбасы, бала-шағасын туған жер топырағына оралтып, ұл-қыздарын ұлттық салт-дәстүрге бейімдеу болды. Осы оймен Сәбиттен кейінгі Әлия және Ғалия сынды екі қызын ізді-ізінен мектеп бітіруден Жаңаөзенге алып келіп, Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы атындағы мұнай және газ колледжіне оқуға кіруге мүмкіндік жасады. 

Ауылдағы мал-жандарын бірінші құдайға, екінші қостары Дариға Алиға тапсырып кететін. Осылай екі елдің ортасында бес жыл жүрді. Адамның жаны қанша сірі болса да физикалық жақтан шаршайтыны белгілі. Себебі, бағыты бір болғанымен саясаты екі басқа, жаңадан тәуелсіздікке еріскен екі мемлекеттің арасында жүріп бір мезетте екі түрлі «сойыл соғу» оңай шаруа емес. 

Бірақ «Басқа түссе баспақшыл» дегендей Мұратбай ағай соны жасады. Әрине, жетіскендіктен емес, қажеттіліктен, мәжбүрліліктен. Өйткені, отбасы, бала-шағасын Отанға оралту – ұлы арман, айқын мақсат, шүбәсіз сеніміне айналған. Сол арман-мақсатқа жетпей – шама жеткенінше, мүмкіншілік болғанынша шаршауға, қиналуға, төзімсіздік танытып абыржуға, сабырсыздыққа беріліп абдырауға болмайды. - 2003 жылы Мәкең бір жақты болып, Қазақстанға басыбайлы тіркеуге тұруға бекінді, - дейді Сәбит Ұлықпан. - 

Әрине, көріп жүрген қиындығы аз емес. Сондықтан 13 жыл жұмыс істеген Ташкенттегі «Нұрлы жол» газетінің редакциясына аттанды. Газеттің бас редакторы Ақан Ташметов «Орныңа меншікті тілші болатын ыңғайлы адам тауып бер» деп қолқа салып, біразға дейін арызына қол қоймапты. Сөйтіп аяқ астынан, ойламаған жерден «Нұрлы жол» газетінің Қарақалпақстан Республикасы мен Хорезм облысы бойынша меншікті тілшісі боп шыға келдім. 

Сәбитті журналистиканың қиын да, қызықты сүрлеуіне салып, баулуда Мұратбай ағайдың жауапкершілігі мен еңбегі бұрынғыдан көбеймесе, азаймады. Ауылына қысқа мерзімді демалыстарға барғанда Хорезм облысы болмаса да, Қарақалпақстанның аудандарын бірге аралап, бірге жүріп көрсетті. Ең бірінші кімдерге жолығу керек, қалай мәлімет жинау керек, сұхбатты қалай жүргізу қажет және оны қағазға қалай түсіру керектігін тәтпіштеп, бүге-шігесіне дейін үйретті. Өйткені, Өзбекстанда Қазақстандағыдай емес, журналистиканы басты назарда ұстайды. Журналистерге ширақтау қарап, қатқылдау тәртіп орнатқан. 

 Содан Сәбит Ұлықпан 2004 жылы аталмыш институтты табысты аяқтап, туған ауылына оралып, өзі тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан Белинский атындағы «алтын ұясына» оқытушы болып жұмысқа орналасты. Сол жылы Мұратбай ағай екі қызын сүйрелеп жүріп, қаланың кейбір қайырымды азаматтарының арқасында әлі көшіп келмеген отбасына ылайықтап Жаңаөзен қаласынан баспана салады. 2005 жылы жазда Сәбитті аяқтандырып, Қазақстанға біржолата қоныс аударады. - Бір мемлекеттен екінші мемлекетке көшіп-қону оңай емес. 

Оның үстіне алқымнан алған әлемдік дағдарыс тағы бар. Осындай аласапырандардың салдарынан Ташкентке барып, редакциядағы жұмыстан шығып, еңбек кітапшамды жаздырып алып қайтуға ешқандай мүмкіндік болмады. Оған бір жағынан көші-қон қарбаласымен жүргендіктен уақыт қысылтаяң болса, екіншіден қаржы тапшылығы да қолбайлау болды. Себебі, бір елден екінші елге көшіп қонудың машақатын өзіміз сияқты оралмандардың бәрі жақсы түсінеді, - дейді Сәбит Ұлықпан әңгімесінің ақырында. 

Ол Жаңаөзенге үйінің ішімен көшіп келуден аз ғана уақыт қаладағы №8 орта мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінен оқушыларға сабақ беріп, мұғалім болды. Көп ұзамай 2006 жылдың сәуір айында «Атамекен» ЖШС-нің (қазіргі Маңғыстау телеарнасының Жаңаөзен өкілдігі) сол кездегі директоры Базар Ботабаевтың шақыртуымен тілші-редактор болып жұмысқа орналасты. 

Сөйтіп әкесімен қайтадан әріптес, әрі бір ұжымда еңбек ететін кәсіптес болып шығады. Әуелден әкенің қамқорлығы мен қолдауының арқасында студент кезде-ақ қанаты қатая бастаған жас маман өзінің сүйікті кәсібін қиындықсыз меңгеріп кетеді. 

Муратбай Улыкпан (1).jpg

Тек ақиқаттың ақ жолынан таймай, төзімділік танытып, газетке қарағанда телеарнаға дайындаған материалдардың оперативтілігі мен пәрменділігінің шапшаң екендігін жылдам түсініп, бейімдесті. Бірінші кезекте күнделікті жаңалықтардың маңызды орын иелейтінін жақсы білді. 

Қала тұрғындарының саяси, экономикалық жағдайы мен әлеуметтік өмірін «көк жәшіктен» үздіксіз көрсетіп отыру керектігін естен шығармады. Мемлекеттік мекемелер мен өндіріс орындарының жетістіктері мен кейбір мәселелері көлеңкеде қалмай, көгілдір экраннан көрсетілуі қажет екенін басты міндет санап, сәулелендіріп отыруға тырысты. 

Осының бәрінде Сәбит сүбелі еңбек ете білді. «Жігітке жеті өнер де аз» деп біздің қазақ бекерге айтпаған. Сол айтылғандай Сәбит Мұратбайұлы қолына қара домбыраны алып, әсем әндер мен тартымды термелерді орындап, кез келген той-мерекелерді еркін басқарып кете беретіндігін жаңаөзендіктер жақсы біледі. Жетіспей жатқан жағдайда камераны қолға алып, сюжеттерді өзі түсіріп, телеоператор болып та кете береді. 

Бірақ оның өзінің ішкі заңдылықтары бар. «Сыбырлағанды құдай естімей ме?» дегендей оның көпшіліктен жасырып құпиялаған тағы бір өнері бар. Ол – оның қысқа-қысқа өлең шумақтарын жазатындығы. Ондай өнерін сахнаға шығып, елге ашық көрсетпей жүр. Әйтсе де, дос, жаран, құрбы, құрдастарына үш-төрт шумақтық әзіл-қалжыңға толы қатарларын «Инстаграмм», «Фейсбук» сияқты әлеуметтік желілерден көзіміз шалып қалатындығы да рас. Ұлылықты ұлықтаған С.Ұлықпан бүгінде әкенің әлде атаның ғана емес халықтың сүйікті ортақ ұлына айналды. 

Адамгершілігінің, біліктілігінің, тәжірибесінің арқасында маман журналист ретінде көрермен көзайымы болып қалыптасты. Қатықтай ұйыған өнегелі отбасының отағасы. Өмірлік жолдасы Құралай Төлеген де жоғары білімді, тәжірибелі педагог. №21 орта мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ берумен бірге әдіскерлік міндетті де қоса атқарады. 

Сыннан сүрінбей өткен шәкірттерінің арқасында қалалық, облыстық байқауларда жүлдегер болғандықтан оның да ұжым арасында беделі биік, мерейі үстем. Алып жатқан әртүрлі марапаттары да сол еңбектерінің куәсіндей. 5 сыныпта оқитын тұңғышы Фариза мен 4 сыныптағы Ерасылы да оқу озаттары. Оларда қоғамдық жұмыстардың белсенді мүшелері. Фариза домбыра үйірмесіне қатысса, Ерасыл күрес секциясына қатысып жүр. 

Қазірше кенжесі Айназ да әртүрлі мерекелік шараларда өзі тәрбиеленіп жатқан балабақшаның гүліне айналуда. Демек, перзенттерінің бәрі де оқу мен өнерге жақын. Кім біледі, бұлардың ішінен де әке мен шешенің жолын қуатындар шығып қалар. Оны келешек көрсетеді. Міне, біз әңгімелеп отырған Сәбит Ұлықпанды Жаңаөзен телеарнасындағы бір орында тапжылмай тұрақты істеген 12 жылдық тәжірибесі отқа салған құрыштай шыңдай түсті. 

Соның арқасында қала басшысы мен облыс әкімінің оқтын-оқтын талай марапаттарының иегері болып жүр. Ит жылы туылған Сәбитті өткен 2018 ит жылы да жарылқап, сәтті де, жемісті жылдарының бірі болып қорытындыланды. 

Желтоқсан айындағы ҚР Тәуелсіздік күніне орай корпорацияның дамуына қосқан шығармашылық үлесі мен жоғары кәсіби шеберлігі үшін «Қазақстан республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қариннің Алғыс хатын алды. Жыл ақырында Жаңаөзен қаласы әкімінің «Үздік тележурналист» номинациясы бойынша «Жыл адамы – 2018»-ге лайықты болып шықты. 

Сондықтан әке көріп, оқ жонған әріптесімізге алдағы уақыттары да мол табыстарға жете беруіне тілектестік білдіреміз.

Back to the list